Биыл 170 жылдығы тойланатын Ақын Сара туған ауылдың тоз-тозы шыққан
Биыл айтыс өнерінің шоқ жұлдызы Ақын Сараның 170 жылдығы. Соған орай Жетісуда әртүрлі шара ұйымдастырылып жатыр. Дегенмен ақын туған ауылдың тоз-тозы шыққан. Тұрғындар құр жылтыраққа ақша шашқанша, Қосағашқа көңіл бөлінсе дейді, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Әңгімені әріден бастасақ. Неге осы «Қосағашты» қозғады дейсіз? Бұл қазақ айтыс өнерінің қайталанбас үлгісіне айналған «Біржан мен Сара» айтысын басты кейіпкері Ақын Сара туған топырақ. Әйгілі оқиға Ешкіөлмес тауының етегінде өтіп, кейін халық сол баурайды Ақын Сара ауылы атап кетеді. Әйтсе де қазақ қызының мұң-мұқтажын, талайлы тағдырын жырлаған ақын қыз Қосағаш ауылында дүниеге келген. Бұған сол ауылдың ақсақалдары куәлік етуге әзір.
Өлкетанушы Қажет Андас, ақынның ауылына әкімдік тарапы ешқандай көңіл бөліп отырмағанына қапалы. Қазаққа осындай айтулы тұлғаны сыйлаған мекеннің сиқы кеткен. Оны сол өңірдің тұрғыны Төлеуғали ақсақалда айтып отыр. Барар жолдың шұңқыры мен ауылдың байырғы ескі кейпі көңіл қалдырады.
Олардың айтуынша, уағында аталған ауыл Ақын Сараның есімін арқалаған. Оған дән риза болған жергілікті азаматтар елді мекеннің кіре берісіне домбыраның мүсінін қойып, ауылдың өнерге деген ілтипатын жеткізеді. Әйтсе де көп ұзамай дауылдан ба, әлде қолдан ба, мұралы мүсін қирайды. Ақынның ауылы екенін білдіріп тұрған шағын тұғыртастың тағдыры осылай жойылады. Одан кейін ауыл азаматтары «Көкжайдақ» деген сөзі бар жаңа белгі қояды. Қазір аталған елді мекен ресми түрде Ақсу ауылдық округіне бір бөлігіне айналған «Көкжайдақ» ауылы деп аталады. Дегенмен жалпы халық байырғыдай Қосағаш деп атаудан арылған емес.
Менің қапа болатыным, ауылдың қазіргі бейнесі. Қазаққа данышпан Абайды сыйлаған Шыңғыстау, құлагер ақын Ілияс өмірге келген Ойтаған, аты әлемге мәшһүр Мұқаңды берген Қарасаз ауылы, нағыз ақынның тұрағы екені көзгі ұрып тұрады. Бара қалсаңыз, көңіліңіз жайланып, толқып қайтасыз. Ал мынау Қосағаштан Ақын Сара шыққан деп кім айтады. Тіпті тарихқа ілік болар бір белгі таппайсыз, - дейді Қажет Андас.
Оның айтуынша, бұл жағдай сол топырақтан түлеген әрбір азаматқа салық болар мәселе. Ел біріксе алынбайтын қамал жоқ, тек сондағы азаматтардың басы құралса жетіп жатыр.
Жалпы Жетісу өңірінде қараусыз қалған ауыл-аймақтар көп. Соның бірі – біз мысалға алған Қосағаш ауылы. Кезінде қора-қора қой өріп, үлкенді-кішілі нысандары елдің игілігіне жарап, халқы да мол болған елді мекеннің қазіргі күйіне ауылдың байырғы тұрғындары назалы. Мұндағы сауын сиыр фермасы ауданның беледі кәсіпорынының бірі болған деседі. Зәулім мектеп пен балабақшада балалардың шуылы сейілмепті. Бүгінде сол шуыл мен сейілдің еміс-еміс елесі ғана көзге көрінеді. Еліміз егемендік алғаннан кейін халық қала кезіп, жұрт жан-жаққа тарқай бастайды. Үлкен ғимараттардың үгіндіге айналған. Қаңыраған үйлер қаптаған. Олардың кірпіші кім тасып әкеткені де белгісіз.
Ауылда сауда орталығы болған. Уағында іші халықтан босамайтын. Іздеген затымызды осы жерден табатынмыз. Бертін келе қабырғасы сөгіліп, міне тағанынан басқа түгі қалмады. Жастардың бәрі қала кезіп кетті. Малдан басқа, жұмыс жоқ. Әттең, байырғы сапалы нысандарды сақтап қала алмадық, - дейді ауыл тұрғыны Сансызбай Сапаров.
Ауыл азаматтары бірлесіп, балалардың ойын алаңын салыпты. Бұл мектеп пен мешіттен кейінгі ауылдағы көзге түртіп көрсетер орталық. Әйткенмен ойнап жүрген бала аз. Тұрғындар жиын болса, мектепке не болмаса осы алаңға жиылады екен.
Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, шағын білім ордасының жағдайы жақсы емес. Сырты бүтін көрінгенімен, іші ескірген. Қыста есік-терезесінен кірген аяз оқушыларға мен мұғалімдердің әлегі. Қарағай едені шіруге таяу, парта-орындықтары қирауға шақ тұр. Қыс түссе қазандыққа қанша көп от жаққанымен жылу дұрыс бермейді. Балаларына жаны ашыған ата-аналар қаржы жинап, электр жылытқыштар сатып алған. Оның үстіне бұрынғыдай емес, жылдан-жылға бала саны кеміп келеді. Спортпен айналысуға бейіл жастарға спорттық үйірме жоқ. Ал аудан орталығы барайын десе, Жансүгіров кентіне таксилер 500 теңге алады. Оған күнделікті халықтың жағдайы жете бермейді.
Одан бөлек жұртты алаңдататыны – су мен жайылым жердің тапшылығы. Қосағаш 1930 жылы ауыл болып еңсе көтергенде әлеуеті жоғары болған деседі. Тіпті ағайын қант қызылшасын да сеуіп, егіні жайқалып тұрған. Қазір халық суармалы жерге зәру.
Сүт фермасында 300-ге жуық сауын сиыр болған, ол аз десеңіз маңайда отар-отар қой жайылып жүретін. Дәнді дақылдардың түр-түрі өсетін. Бүгінгідей судан таршылық көрмейтінбіз. Сарқаннан тартылған тоғандар судан үзілмейтін. Сол тұста әрбір отбасы бақшасына көкөнісін егіп, сәні жарасушы еді. Жоңышқа да жайқалып өсетін. Ал қазір сол каналдың ізі ғана жатыр. Жаз бойы егініне су іздеген шаруалардың күйбеңі бітпейді, - дейді ауыл тұрғындары.
Өңірдің суландыру жүйесін жаңғырту қолға алынғалы белгілі. Десе де Ақсу ауданындағы ирригациялық жүйелерді қайта жаңғыртуға орай бекітілген жобаға Қосағаш ауылы енбеген екен. Халық осыған өкпелі. Ауыл маңындағы шұрайлы жерді есімі белгісіз кәсіпкер жекеменшікке алып алған. Жұмысы жоқ жұрт аудан, не қала асып отбасын асырап жүр.
Тағы бір айта кететін жайт, Қосағаш Ақсу ауылдық округіне қарағаннан кейін, одан да бөлек 2-3 осындай шағын елді мекен бар. Оларға ортақ бір әкім қызмет етеді. Қосағашта мыңнан астам ғана тұрғын тұрады. Талап бойынша, адам саны аз болғандықтан жеке әкім сайлай алмайды. Біз бұған дейін сол ауылдық округке қарасты Ақтөбе ауылының жайын жазғанбыз. Өкінішті-ақ, қарашаңырақты сақтап қалуға тырысқан жұрттың жанайқайы жоғарыға жетпей жатады. Азып-тозған Ақын Сара туған мекеннің хәлі көңіл құлазытады.