Биыл 153 млрд теңгенің 71 жобасы іске асырылады – Баталов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» өткен онлайн брифинг кезінде айтты.
2020 жыл коронавирус індетіне байланысты оңай болған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, Үкімет дер кезінде халықты әлеуметтік қорғау және бизнесті қолдау шараларын қабылдады. Осының арқасында экономиканың негізгі салаларында өсім қарқынын сақтай алдық. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша, өндіріс саласындағы өсім көлемі 103,1%, ауыл шаруашылығы 102,4%, құрылыс саласында 111,6%-ды құрады. Тұрғын үйлерді іске қосы бойынша 712,4 мың шаршы метр іске қосылса, тартылған инвестиция көлемі 437,9 млрд теңге болды (108,8%). Облыстың инвестициялық портфелі 5,1 трлн теңге көлеміндегі 517 жобаны құрайды. Биыл 153 млрд теңгенің 71 жоба іске асырылады, - деді ол.
Облыс әкімі негізгі мақсат – Президент Жолдауында белгіленген диверсифициялық және технологиялық экономика құру екенін баса айтты.
Өңір аграрлық бағыттан аграрлық-индустриялдық бағытқа біртіндеп көшіп келеді. Бізде өңдеу секторының үлесі 87%-ды құрайды. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіштердің қатарында тұр. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімділігіндегі облыстың үлесі 17%-дан астам. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай дамыту мақсатында 4 негізгі стратегиялық меже белгіледік. Ол: ет және сүт өндірісін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен делегациялық жүйелерін қалпына келтіру. Облыста ірі қара мал басы – 1 млн 300 мың, ал қой мен ешкі – 4,2 миллион бастан асты. Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы сүт фермасы құрылды. Алайда, ет өңдеу кәсіпорынының жүктемесі небәрі 4%-ға өсіп, 66%-ды құраса, сүт зауыттарының жүктемесі – 73,4%. Сондықтан біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, - деді Баталов.