Биыл 150-ге жуық сәтбаевтық отбасы баспаналы болады

Сәтбаев қаласында осы жылы жалпы аумағы 8 мың шаршы метр 3 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлытау облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Оның біреуі 30, екіншісі 56 және үшіншісі 60 пәтерлі. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жұмыс сапары аясында салынып жатқан баспаналарды бақылап, құрылыс нысандарының уақытылы аяқталуын, сапалы жүргізілуін тапсырды.

Үйлердің құрылысын жүргізуде ешқандай кедергі жоқ. Республика тарапынан бөлінген қаражат жетпеген жағдайда, жергілікті бюджеттен қарастырамыз. Сол себепті де кестеден ауытқымай аяқталғанын бақылауда ұстаңыздар. Одан бөлек, үй кезегінде тұрған азаматтарға қолайлы тұстарын қарастыру қажет,-деді өңір басшысы өз сөзінде.

Қос үйдің құрылысы былтыр басталып, қыс мезгілінде де қарқынды түрде жалғасты. Шаталюк көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде 46 шаршы метрлік бір бөлмелі 10 пәтер, 66 ш.м. болатын екі бөлмелі 10 пәтер, 98 ш.м. болатын үш бөлмелі 5 пәтер және 113 ш.м. болатын төрт бөлмелі 5 пәтер орналасады.

Ал үшінші құрылыс жұмыстары алтыншы ықшам ауданда жүргізіліп жатыр. Бүгінде 60 пәтерлі 5 қабатты үйдің шұңқыры қазылу үстінде.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сәтбаев қаласында 2100-ден астам азамат үй кезегінде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы