Биыл 1,3 мың шақырым темір жолы жөнделеді
Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін назарға ала отырып, теміржол саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Мысалы, қазірдің өзінде «Достық-Мойынты» жобасының құрылысы жүргізілуде.
Жоба осы учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді, - деді Әлихан Смаилов.
«Бақты – Аягөз» теміржол учаскесін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін тағы да 20 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Биылғы жылы 1,3 мыңнан астам километр темір жолды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және оның «тар» жерлерін жою бойынша жұмыстар жалғасуда. 2025 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілеті жылына 6-дан 10 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады, - деді Премьер-министр.