Биыл 1020 адам шағын несиемен қамтылады
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде шағын несие беру бағыты азаматтардың айрықша қызығушылығын туығызып, ертеңге деген сенімдерін еселеуде.
Себебі, бағдарламаға қатысушылар кәсіпкерлік дағдыларын оқып, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыруды, олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуді үйрене алады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов мәлімдеді.
«Былтыр Жамбыл облысында бағдарламаның осы екінші бағыты бойынша 1003 адам шағын несие алып, өзін-өзі жұмыспен қамтыды. Бұл мақсатқа бөлінген 4 111,0 миллион теңге несие қаражаты да толықтай игерілді. Ал ағымдағы жылы аталған бағыт бойынша республикалық бюджеттен 4 111,0 миллион теңге бөлініп, 1020 адамға несие беру көзделуде», деді Қайрат Тілеубайұлы.
Спикер бүгінгі күні бағдарламаға бөлінген шағын несие қаражаты қаржы институттарына толығымен берілгенін де айтты. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на – 2 миллиард 466,6 миллион теңге, ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы 1 644,4 миллион теңге қаражат алып отыр. Сонымен қатар, биылға республикалық бюджеттен қосымша 1 миллиард теңге қарастырылуда.
Айта кетейік, былтыр «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 1745 адам кәсіп ашудың қыр-сырын үйренсе, биыл 1200 адам оқытылатын болады.