Биыл 100 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылы Қазақстанда автомобиль өнеркәсібінде 359,5 млрд теңгеге 50447 дана көлік құралы шығарылып, нақты көлем индексі 162,5% құрады. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Барлық жаңа техниканың жартысы ең ірі автокөндіруші "СарыарқаАвтоПром" кәсіпорнында шығарылды. Өткен жылы Қостанай зауыты өндірісті екі есеге арттырып, 25 802 дана жеңіл, жүк көлігі мен автобустар шығарды. Ал биыл өндіріс көлемін 51400 бірлікке дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Өнімділік өлшемі бойынша қазақстандық "АЗИЯ АВТО" автоқұрастыру зауыты да көшбасшыға айналды. Өткен жыл қорытындысы бойынша зауытта 20 мың арнаулы техника шығарылды. Биылғы жоспар бойынша кәсіпорында 44 мың техника шығарылуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау секторында 2018 жылдан бастап өндіріс өсімі байқалады. Оған өнімді өткізу кезінде қосымша құн салығын төлеуден босату сияқты мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Өткен жылы 41,2 млрд.теңгеге ауыл шаруашылығы машиналары жасалып, өсім 144% құрады. Отандық өндіріс техникасы егін жинау науқаны барысында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Оның өнімділігі, тораптары мен агрегаттарының сапасына механизаторлардың айтатын шағымы жоқ. Мысалы, 2019 жылы ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында 1200-ден аса трактор шығарылды. Мысалы, Қостанайдағы ауылшаруашылық техникасын өндіруші "Агромашхолдинг KZ" 130-дан астам Lovol тракторын және 355 "Essil" комбайнын шығарды. 2020 жылдың І тоқсанында кәсіпорын 62 трактор және 20 комбайн өндірді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта теміржол машина жасау кластері белсенді дамып келеді. Зауыттарда шығарылатын өнім желісін жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде "Тұлпар-Тальго" ЖШС зауытында былтыр 91 жолаушы вагоны өндірілді. "Локомотив құрастыру зауыты" АҚ ТЭ33А сериялы 11 магистральдық тепловоз шығарды.

Жалпы биыл автоөнеркәсібі өнімінің жалпы көлемін 100 мың техникаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Оның 10-15 мыңы - Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Әзірбайжан және басқа елдерге экспортталмақ. Бүгінде автомобиль саласын дамыту мүмкіндіктері өте мол. 2019 жылы маусым айында машина жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Ол машина жасаудың барлық кіші салаларын және қолдау шаралары жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.

Бұл салықтық преференциялар, қаржылық және шикізаттық қолдау, білікті кадрлармен қамтамасыз ету және тағы басқалар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы