Биыл 10 ай ішінде 300-ден астам астаналық АИТВ жұқтырған
Бұл туралы Астана қаласы АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы директорының орынбасары Салтанат Мусина баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, 1988 жылдан бері ДДСҰ 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні деп белгілеген.
Барлық елдерде ақпараттық іс-шаралар өткізіледі, көптеген адамдар қызыл лентаны киеді-ол хабардарлықтың, қолдаудың және ынтымақтастықтың халықаралық символы, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар өз өмірлерінің маңызды мәселелері туралы сөз қозғауға мүмкіндік алады. Бір сөзбен айтқанда, ЖИТС індетіне қарсы тұру үшін барлық күш жұмылдырылады. Осыған байланысты,тұрғындардың АИТВ туралы хабардарлығын арттырудың, стигма мен кемсітушілікті жоюдың және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмір сүру сапасын арттырудың маңыздылығын тағы да атап өткіміз келеді, - деді Салтанат Мусина.
Сондай-ақ ол биыл қанша адамның қауіпті індетті жұқтырғанына тоқталды.
Екі мыңға жуық адам профилактикалық бағдарламалармен қамтылып, оның 80 пайызы ерікті түрде АИТВ-ға жедел тест тапсырған. Нәтижесінде 5 адамнан АИТВ анықталды. Анықталған бес адам қазіргі таңда орталықта диспансерлік есепке алынып, арнайы АРТ қабылдауда. Нәтижесінде олар өдерінің жыныстық серіктесіне қауіпсіз болып табылады. ҮЕҰ осал топтармен кездесу барысында АИТВ-ның жұғу жолдарын түсіндіріп және жеке сақтану құралдарын таратады. Яғни инъекциялық есірткі тұтынатын топтарға бір рет қолданатын шприц үлестіреді. Және ер адаммен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар мен жыныстық қызмет көрсететін топтарға жыныстық қатынас арқылы АИТВ-ның жұғу қауіптілігінің жоғары екендігін түсіндіре отырып, арнайы ақпараттық материалдар мен сақтану құралдары мүшеқаптар таратылды. Статистикалық деректерге тоқталсақ, Астана қаласында 1997 жылдан бастап 2604 АИТВ-инфекциясы тіркелді, оның ішінде осы жылдың 10 айында 305 жағдай тіркелді, - деді орталық басшысының орынбасары.