Бішкекте ШЫҰ саммиті басталды
Қырғызстан астанасы Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды. Ұйымға мүше 10 елдің мемлекет басшылары жиынға қатысу үшін Бішкекке келді. Саммит жаңа «Ырыс Ордо» конгресс-холында өтіп жатыр.
24kg хабарлауынша, 1 қыркүйек – саммиттің негізгі күні. Алдымен ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы, кейін «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесу өтеді.
Қырғызстанның ұйымға төрағалығы «ШЫҰ-ға 25 жыл: тұрақты бейбітшілікке, дамуға және өркендеуге бірге» ұранымен өтіп жатыр. Мерейтойлық саммитте өңірлік қауіпсіздіктен бастап, жасанды интеллектіні экономикада қолдануға дейінгі мәселелер талқыланады.
Саммит қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Бішкек декларациясын қабылдауды жоспарлап отыр. Құжаттың жобасын бұған дейін ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері келісіп алған.
Қазіргі таңда ШЫҰ құрамына Беларусь, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.
Ұйымның тарихы 1996 жылдан басталады. Сол кезде Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан «Шанхай бестігі» форматында біріккен. Басты мақсат әскери саладағы өзара сенімді нығайту және шекараларды демилитаризациялау болды.
2001 жылы Өзбекстанның қосылуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы ресми түрде құрылып, оның күн тәртібі кеңейді. Ұйым терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы күрес мәселелерін де қамтыды.
Кейінгі жылдары ШЫҰ құрамына тағы төрт мемлекет қосылды. Ұйымның күн тәртібі де қауіпсіздік мәселелерімен шектелмей, экономикалық және басқа да бағыттарды қамти бастады.