Бішкекте ІІІ қазақ-қырғыз өнерлі жастар форумы өтті
Бүгін, 21 тамызда Бішкек қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында ІІІ қазақ-қырғыз өнерлі жастар форумы ұйымдастырылды. Биылғы форум шығармашыл жастар арасындағы цифрлық және инновациялық ынтымақтастықты дамытуға арналды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жиын Шоқан Уәлихановтың қос халық тарихы мен мәдениетін зерттеудегі еңбегіне арналған "Чокан Валиханов: тарыхтын жарык жылдызы" атты деректі фильмнің тұсаукесерімен ашылды.
Форумға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов, сондай-ақ екі елдің мәдениет, ғылым және шығармашылық саласының өкілдері қатысты.
Аида Балаева Шоқан Уәлихановтың қазақ-қырғыз тарихындағы ерекше орнын атап өтті.
Манас дастанын алғаш қағазға түсіріп, оны насихаттауда Шоқан Уәлихановтың еңбегі зор. Оның "Ыстықкөл күнделігі" де қазақ-қырғыз бірлігінің ғылым мен руханияттағы айқын көрінісі, – деді министр.
Ал Марат Иманқұлов Абай, Шоқан, Жамбыл, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов сияқты тұлғалардың қос халықты бауырластыққа жетелегенін атап өтті.
Форум аясында Аида Балаева Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиевпен кездесіп, мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, креативті индустрия мен цифрландыруға арналған панельдік сессиялар өтті. "Жаңа буын AI-стартаптары: жергілікті идеядан жаһандық нарыққа" және "Ed-tech жобалары: жаңа сын-қатерлер" тақырыптарында өткен пікірталастарға 300-ден астам жас IT-кәсіпкерлер, стартапшылар, бағдарламашылар, блогерлер мен медиа мамандар қатысты.
Форум аясында Қазақстанның мәдениет күндері де ұйымдастырылды. Бағдарламада "Қазақстан киносы күндері" және Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік концерт ұсынылды.