Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Бішкекте бас қосты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР СІМ Бейбіт Атамқұлов бастаған Қазақстан делегациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің жыл сайынғы отырысына қатысты, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі. 

Іс-шара барысында ШЫҰ елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасып, ШЫҰ-ның саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы қызметін одан әрі дамытудың бірінші кезектегі міндеттерін, сондай-ақ ШЫҰ-ның халықаралық және өңірлік бірлестіктермен байланысын дамыту мәселелерін талқылады.

 

Қазақстан, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері 2019 жылғы 14 маусымда Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына дайындық барысын, Бішкек декларациясы мен Саммит қорытындысы бойынша Ақпараттық хабарлама жобаларын, сондай-ақ Ұйымның биыл атқарған қызметі бойынша басқа да бірқатар шешімді қарап, мақұлдады. 


ҚР Сыртқы істер министрі өз сөзінде халықаралық терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, өңірлік жанжалдарды реттеу, соның ішінде Сирия мен Таяу Шығыстағы негізгі өзекті мәселелер бойынша еліміздің ұстанымын атап өтті. 


ШЫҰ шеңберінде экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасу тұрғысында тараптар қазақстандық бастамаларды іске асыру туралы – мүше мемлекеттердің өзара есептеріндегі ұлттық валюталардың үлесін арттыру, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалану және ұйымның сандық алаңын құру туралы ақпарат ұсынылды. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы