Бішкекте Абай ескерткіші орнатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысын өткізді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай форматтағы отырыстың 2014 жылы Қазақстан астанасында өткеніне тоқталды.

Кеңес жұмысының біраз уақыт кідіріп қалғанына қарамастан, аталған жиын екіжақты қатынастардың барлық бағыттары бойынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ынтымақтастықтың жоғары органы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қырғызстан Қазақстан үшін тату көрші, одақтас және бауырлас мемлекет.  

Бізді мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан достықтың берік арқауы біріктіреді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді, қилы кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетті. Осындай достық байланыстардың негізінде біз қазіргі кезеңде де өзара қарым-қатынастарымызды табысты жолға қоя білдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті маңызды жетістік ретінде осыған дейін жасалған 180-ге жуық шарт мен келісімдердің шарттық-құқықтық базасына назар аударды.

Қазақстанның екіжақты қатынастарының мұндай жан-жақты институционалдығы өзге ешбір мемлекетпен жасалмаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көлік-транзиттік инфрақұрылымы қалыптасқан ортақ шекараның болуы, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестігі – екі елдің экономикалық байланыстарының басымдығы деп атап өтті.  Осының арқасында Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналып, көрші елдің сыртқы сауда айналымында үшінші орынға берік орнықты.

Біздің сауда айналымдарымыздың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өскені байқалады. 2015-2018 жылдар аралығында өзара сауда-саттық көлемі 30%-ға артып, 900 млн долларға жетті. Қазақстан қырғыз экономикасына 1 млрд доллардан астам қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі болды, – деді Қазақстан президенті.

Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы екі ел халықтарының игілігі жолында одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыстарды қалыптастыру және дамыту ісіндегі Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті.

Келіссөздер барысында қырғыз тарапы 2020 жылы Бішкекте Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы президенті мен Қырғыз Республикасы президентінің бірлескен декларациясы;

2. "Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы";

3. Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің шешімдер жиынтығы;

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының "Қарасу – автожол" және Қырғыз Республикасының "Ақ тілек – автожол" өткізу пункттері арасында жаңа көпір салу және қазіргі көпірді қайта жөндеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы келісім;

6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қырғыз Республикасы Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік қызметі (қаржы полициясы) арасындағы экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерінің Бас штабы арасындағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерінің әскери аэродромдарында әскери әуе кемелерін қабылдау, аэродромдық-техникалық қамтамасыз ету және күзету туралы келісім;

8. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

9. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды ілгерілету және іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім.

Мемлекет басшысы екі елдің көпжақты құрылымдар аясындағы табысты ықпалдастығын және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер жөнінде көзқарастардың ортақ екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы