Бішкек-Стамбұл ұшағындағы сәбидің неден қайтыс болғаны анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәрігерлер Бішкек-Стамбұл рейсімен ұшқан сәбидің неден қайтыс болғанын анықтап, хабарлады.
Бішкек қаласы Жедел медицина орталығының дәрігерлері ұшақта қайтыс болған сәбиде туа біткен жүрек кемістігі болғанын хабарлады. Нәрестенің ата-анасы оны Түркияға емдеуге апара жатқан. Мәліметке сай, науқас баланың ата-анасы оны тек өздері, яғни медициналық қызметкерлердің көмегінсіз жеткізбек болған.
Еске сала кетсек, 3 тамыз күні Бішкек-Стамбұл рейсіндегі ұшақта бір жарым айлық сәби қайтыс болды. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 8:50-де әуеге көтерілген. Біраз уақыт өткен соң әуе кемесінің командирінен әуежайға оралып, қону туралы өтініш келіп түскен. Бұған себеп – жолаушылардың бірінің халінің нашарлауы. Ұшақ бір жарым сағат өткеннен кейін Бішкек әуежайына қонған. Әуе кемесіне жедел жәрдем қызметі бірден келген. Дегенмен дәрігерлер тексерістен кейін нәрестенің қайтыс болып кеткенін хабарлаған.