Бишімбаевтың анасы сотта жеңіске жетті: Туысы алаяқтық үшін сотталды
Сот Бекзат Кемелованы бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбековаға қатысты алаяқтық іс бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.
Сот Бекзат Кемелованы бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбековаға қатысты алаяқтық іс бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы заңгер Ерлан Ғазымжанов Facebook парақшасында жазды.
Заңгердің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың желтоқсанында Кемелова Нұрлыбекованың ұлына қатысты қылмыстық іске байланысты ауыр психологиялық күйін пайдаланып, одан 990 мың долларды "уақытша сақтауға" беруді өтінген. Ол "жақын арада тінту жүргізілуі мүмкін, ақша тәркіленіп кетеді" деп сендірген. Алайда ірі соманы алған соң, оны қайтарудан бас тартқан.
Адвокаттың жазбасына қарағанда, Альмира Нұрлыбекова отбасы ісі қоғамда үлкен резонанс тудырғанына қарамастан, құқық қорғау органдарына жүгінуге бел буған. Соның нәтижесінде сот Кемелованы кінәлі деп танып, нақты мерзімге бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар сот Кемелованың туысы — Қарлығаш Әбдіқұловаға қатысты да жеке қаулы шығарып, Кемелованы қорғау мақсатында жалған куәлік бергенін көрсетті.
Осылайша, Нұрлыбекованың құқық қорғау органдарына жүгінуі оның туысына қатысты қылмыстық істің қозғалуына және сот үкімінің шығуына себеп болды.