Бишімбаев соты қалталы азаматтарға қызықпау керегін түсіндірді – психолог
Атышулы Бишімбаевтың соты жасөспірімдер мен қыздардың психологиясына қалай әсер етуде? Бұл туралы тәжірибелі психолог маман Нұргүл Даубаевамен әңгімелестік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Нұргүл ханым, қоғамның қызу талқысына түсіп жатқан Бишімбаев соты туралы сіз не айтар едіңіз?
Біріншіден, бұл сот су тасқынымен қатар адамдардың басты назарында. Бірақ бәрібір басымдық осы сотта болып отыр. Себебі су тасқынында адам аман болса, бұл жерде өлім мәселесі қаралуда. Сондай-ақ сот процесі ер мен әйелдің қарым-қатынасына септігін тигізуде. Қоғамның талқылауы да өзгелердің пікірінің өзгеруіне әкеп соқтыруда.
- Расымен, сотты тек ересектер ғана емес, жасөспірімдер де көреді. Бұл олардың психологиясына қаншалықты әсер етеді?
Жасөспірімдерге қалай әсер етіп жатқанын өздерімен сөйлесу арқылы білу мүмкіншілігіміз бар. Дегенмен соттың нәтижесі көрсетеді деп ойлаймын. Егер әділетсіздік орын алса, жасөспірімдерде екі ақпарат бірігуі мүмкін. Олар «бай болған соң, кінәлі адам жазаланбады, демек ойға келгенде істеуге болады, мен жазаланбаймын» деген пікірді саналарында қалыптастыруы мүмкін.
Екіншіден, мұның барлығы тәрбиеге байланысты. Егер бала отбасында жақсы тәрбие алса, бұл сана деңгейінде қалып кетеді. Сондай-ақ отбасында осы мәселе талқыланып жатыр ма, соған мән беру керек. Егер осы мәселе қозғалған жағдайда анасының пікірі маңызды. Себебі үлкендер қандай пікір айтса, баланың бейсанасы оны автоматты түрде өзінікі етіп айналдырып алады.
- Мәселе қыздарға қалай әсер етуі мүмкін?
Бұл мәселе қыздардың тарапына қатты ықпал етуі қажет. Себебі ақшасы бар азаматтарға қызықпау керектігінің мағыналы көрсеткіші болуда. Сондай-ақ енді қыздар өздерін қорғаштай бастауы мүмкін. Ер азаматтарға келгенде сенімсіздік қалыптасуы мүмкін.
- Осындай жағдайлар өмірде де болып жатыр ғой...
Иә, бұл мәселе өмірде де болып жатыр. Бірақ бұл жағдай көптеген адамның сеніміне, үмітіне балта шапқандай болып жатыр. Қоғамда күйеуім өзгеріп қалады-ау, ұруын тоқтатады-ау деген сеніммен жүрген көптеген әйелдер бар. Қанша әйел алса да осындай қадамға баруы, оның өзгермейтіні, мұндай іс-әрекеттердің еш тыйылмайтыны ретінде осы жағдай дәлел. Бұл санасы бар адамдарға саналы түрле көрсеткіш болады. Ал түйсігіне жетпеген адам үшін жаңбырдың тамшысы секілді көрінуі мүмкін.
- Сонда сотты қалай қабылдауымыз керек?
Неге бұл жағдай атышулы болып қоғам талқысына түсіп отыр? Себебі байдың баласы, халық алдында жүрген, ақшасы бар адам. Қоғамда көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен не орташа деңгейдегі адамдар өмір сүреді. Олардың өздерінің іштерінде жарақаттары бар.
Сот ақысы желінген адамдардың қытығына тиіп жатыр деп айтар едім. Мұндай оқиғалар осыған дейін де қоғамда талай орын алған. Бұл қылмысты басқа адам жасаса мұндай дәрежеде болмас па еді.
Жалпы өмірде психологиялық зақымы жоқ адам жоқ. Біз өмірдегі ақпараттарды, оқиғаны өзіміздің ішіміздегі жинақтаған жан әлемімізбен қабылдаймыз. Әрине, осындай жағдайда болып көрмеген адам үшін бұл қалыпты жағдай болуы мүмкін. Ал егер эмоцияға беріліп қабылдасақ, сізге қиындық әкелуі мүмкін.
Не дегенмен сотта Бишімбаевтың әділ жазалануы көптеген ішінде психологиялық зақымы бар, күйеуінен соққы алған, азапталған адамдардың мейлі соттың оларға қатысы болмаса да, жеңілдеуіне әсер етер еді.
Сұқбатыңызға рақмет!