Бишімбаев соты: Алқабилер жайлы ақпарат жариялап жібергендер жазаланады
Жоғарғы Сот бұқаралық ақпарат құралдарында Бишімбаев пен Байжановтың ісі бойынша алқабилер бейнелерінің жариялануына байланысты ресми ұстанымын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоғарғы Соттың ресми өкілі Ерлан Ахмеджанов процесс барысында іс бойынша төрағалық етуші алқабилер алқасының фото және бейнежазбаға түсуіне, сондай-ақ олардың бейнелерін таратуға тыйым салынғаны туралы бірнеше рет ескерткенін атап өтті.
Тыйым алқабилерге қысым көрсету мүмкіндігін болдырмас үшін белгіленген. Бұл тыйымды бұзу сотқа қысым көрсету әрекеті ретінде танылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының сотқа ықпал етуi белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады, - деді ол.
“БАҚ туралы” заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесі, таратушысы, бас редакторы, сондай-ақ таратылған материалдардың авторлары жазаға тартылады.
Осыған байланысты сот кінәлі адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту рәсімін бастады.
Іс бойынша төрағалық етуші жарияланған материалдарды алып тастауды міндеттеді, сонымен қатар оларды таратуға тыйым салды. Мұндай фактілерді болдырмау мақсатында БАҚ өкілдері сот отырысы залынан шығарылды, - деп түсіндірді Ерлан Ахмеджанов.
Жоғарғы Сот азаматтарды сот төрелігін жүзеге асыру процесіне әсер ететін кез келген әрекеттерден аулақ болуға шақырады. Сондай-ақ Жоғарғы Сот сотқа қысым көрсетудің кез келген әрекетінің жолы кесілетінін ескертті.