Бишімбаев пен Нүкенованың некесін қиған имам жазаланды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қуандық Бишімбаев пен Нүкенованың некесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысына сәйкес ҚМДБ-ның ресми діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейді. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодекстің 2-бабының 3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалатыны белгіленген.Осыған орай ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібінің тиісті талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап етеді, - деді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

Дін басқармасының мәліметінше, 2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы бас мешітте Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен некесі қиылған.

Азаматтардан, туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде "жасалып жатыр" деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген. Аталған азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қ.Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы АХАТ бөлімінде ресми тіркелмеген, дініміз бен дәстүрімізге қайшы келетін "азаматтық некемен" үйленудің шариғаттағы үкімі харам екенін тағы да хабарлайды, - деді ҚМДБ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: facebook.com/saltanat.nukenova
Өзгелердің жаңалығы