Бишімбаев ісі. Экс-министр балгерге неге сенетінін айтты
Кезекті сот отырысында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев балгерге 2 жыл бойы жүгініп жүргенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адвокат Жанна Оразбахова күдікті Қуандық Бишімбаевқа "9 қарашада сіз көріпкелге қоңырау шалдыңыз. Осы мәлімет дұрыс зерттелген жоқ. Оның (көріпкел) кім екенін айтыңызшы? Ол сізге кім болып келеді? Көріпкелді қашаннан бері танисыз және қай қалады тұрады?" деп сұрақ қойды.
Ол Шымкентте тұрады. Мен 1,5-2 жыл..(еск - көріпкелге жүгінген). Кейде кәсіпкерлікке қатысты жүгіндім, - деп жауап берді Қуандық Бишімбаев.
"Көріпкел деп сенетін азаматтың медициналық білім бар ма" деп сұрады адвокат.
Маған ол жағы белгісіз, тек мен оған әркез сендім. Оған дейін кәсіпкерлік және іскерлік жағынан жүгінген болатынмын. Маған ол жақсы жауап беретін сияқты көрінді. Өз пайымыма да сендім, - деді ол.
Күдікті Нүкенова ес-түссіз жатқанда неге көріпкелге сенгенін айтты.
Менің түсінігімде, Салтанат ұйықтап жатты. Онда ол өлім аузында жатқандай белгілері болмады. Көгерген жері үлкейе бастады, мен оның қайдан шыққанын білмедім, абдырап қалдым. Мен балгерден оған (еск - Салтанатқа) не болғанын, мұның соңы неге апаратынын сұрадым, - деді Бишімбаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін "Бишімбаевтың сотына қатысушылар туралы не білеміз" атты шолу жасаған едік.