Бисенов: Мемлекеттік орган басшыларының халықпен байланысын арттыру қажет
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнің Қызылорда облысы бойынша департаментiнің басшысы, Әдеп жөнiндегi кеңес төрағасы Рафхат Төлеyғалиұлы Бисеновпен сұхбаттасып, саладағы жаңалықтар пен атқарылған жұмыстардың жай-күйін білген едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында білікті әрі бастамашыл жаңа кадрлар дайындауды тапсырды. Біздің өңірде мемлекеттік қызметтегі жастардың үлес салмағы қанша?
– Қазіргі таңда Қызылорда облысындағы 3510 мемлекеттік қызметшінің 518-і жастар. Бұл – аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің 14,7 пайызы.
Жалпы облыста штат бойынша 14 саяси мемлекеттік қызметші, 1 «А» корпусының қызметшісі болса, қалғандары «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері.
Білікті мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнының қабырғасында жүрген кезінен дайындау мақсатында бірқатар шараларды қолға алдық. Былтыр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен меморандумға отырып, бірлескен "Абырой" жас мемлекеттік қызметшілер мектебін іске қостық. Осы жылдан бастап университет қабырғасынан шыққан алғыр студенттерді мемлекеттік қызметке баулып, дайындықтан өткізіп, мемлекеттік қызметке жастардың келуін арттыруға жұмыс істеп жатырмыз.
Өңірдің тағы бір оқу орны «Болашақ» университетімен де білімді әрі білікті жастарды мемлекеттік қызметке тарту жөнінде келісім бар.
Бұдан бөлек «Болашақ» бағдарламасының және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектерінен «Түлектер пулы» жасақталды. Пул құрамына «Болашақ» бағдарламасының 5 түлегі және Академияның 21 түлегі енді, олар аймақтағы мемлекеттік қызметшілермен және «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларымен білімі мен тәжірибесін бөліседі.
Айта кеткен жөн, өткен жылғы өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызметшіні сол мемлекеттік органда 2 жыл жұмыс өтілі болған жағдайда жоғары тұрған лауазымдарға конкурссыз ауысу тәртібімен тағайындауға рұқсат етілді, бұл жастардың басшылық лауазымдарға тағайындалуына зор мүмкіндік.
– Аймақтағы мемлекеттік қызметтегі гендерлік саясаттың орындалуын баяндап өтсеңіз.
– Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 1594-і, яғни 45,4 пайызы – әйелдер. Оның ішінде, 396 әйел басшы лауазымында, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артты. Мысалы, қазіргі таңда 6 департамент басшысы, 6 басқарма басшысы және 4 ауылдық округ әкімі әйел.
– Елімізде өткен жылдары алғаш рет «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы жүзеге асырылып, дарынды жастардан резерв жасақталды. Осы резервтен облыстың қанша азаматына орын бұйырды? Бүгінде резервшілер Қызылорда облысында қызметке орналасты ма?
– 2019 жылы – Жастар жылында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бәсекеге қабілетті, білімді де білікті жастарды қолдауға бағытталған «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы жүзеге асырылды.
Жобаға 35 жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар 13 мыңнан астам республика азаматтары қатысып, іріктеу нәтижесімен үздік деп танылған 300 азамат резервке қабылданды. Өкінішке қарай, бұл резервке Қызылорда облысынан үміткерлер өте алмады. Себебі, талап өте жоғары болды. Дегенмен де, Сыр өңірінің Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қызмет ететін 11 тумасы резервке енді.
Айта кету керек, 2020 жылдың қаңтар айында резервші Ерлік Мүсілімов «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, кейін қазан айынан бастап қызметінен босатылды.
Биыл Президенттік жастар кадр резервіне таңдаудың екінші кезеңі жүргізілмек, Қызылорда өңірінің талантты жастары осы резервке енеді деп сенеміз.
– Департамент тарапынан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Департамент қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және халықпен кері байланысты күшейту мақсатында әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында интернет-конференциялар, онлайн қабылдаулар, тікелей эфирлер өткізіліп, атқарылған жұмыстар жарияланып отыр.
Департамент жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің және Ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына қоғамдық ұйымдардың белсенді өкілдері енгізілген. Департамент басшылығы, Кеңес және жұмыс тобының мүшелері тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықпен ашық сұхбаттасуды үрдіске айналдырған.
Расын айту керек, қазіргі таңда әлеуметтік желілер халықпен кері байланыс орнатудың тиімді құралына айналды. Бүгінде Қызылорда облысында 357 мемлекеттік орган бар. Осы органдардың бірен-сараны болмаса, барлығы дерлік әлеуметтік желілерде аккаунттарын ашқан, дегенмен барлығының белсенділігі жоғары деп айта алмаймын. Кейбір кездері мемлекеттік қызметшілер тұрғындардың өтініштеріне атүсті қарап, нәтижесінде барлық мемлекеттік органдардың имиджіне теріс көзқарастардың туындауына себепші болып жатады.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және халықпен кері байланысты күшейту бағытында департамент бастамасы негізінде облыс әкімдігінің қолдауымен бірқатар іс-шараларды жүргізіп жатырмыз.
Осыы жылдың ақпан айынан бастап «Басшылар байланыста» жобасы жүзеге асырылуда. Басты мақсаты – мемлекеттік орган басшыларының халықпен байланысын арттыру. Бекітілген кестеге сәйкес денсаулық, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, жер, тұрғын үй және басқа да сала басшылары тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, оларға тиісті кеңестер мен көмек береді.
Сондай-ақ, осы тұжырымдаманы жоғары деңгейде іске асыру мақсатында биылдан бастап «Басшылар дәрісі» жобасын қолға алдық. Жоба аясында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалына біліктілігін арттыруға келген мемлекеттік қызметшілерге облысымыздағы басқарма басшылары дәріс оқуда. Мақсатымыз – азаматтардың сұраныстары мен қажеттіліктеріне жедел жауап бере алатын бәсекеге қабілетті әмбебап мамандар әзірлеу. «Басшылар дәрісі» жобасы арқылы мемлекеттік қызметшілер түрлі салалардағы атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болады. Бұл мемлекеттік органдарға қабылдауға келген адамдарды түрлі мекемелер арасында жүргізбей, мүмкіндігінше бір жерден жан-жақты ақпарат беру үшін жасалып отыр.
– Мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы бірер ауыз сөз.
– Мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің талабы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізі де осы. Азаматтардың мемлекеттiк қызметке орналасy процесінінде қиындықтар туындамауы керек. Конкурстар да ашық, әділ өткізу маңызды. Сондықтан былтыр Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi бастама көтеріп, «Мемлекеттiк қызметке орналасy ережелерiне» өзгерiстер енгiздi.
Мемлекеттiк қызмет пен құқық қорғаy оpгандарына үмiткерлердiң қайта тестілеуге кіру уақыты 15 күнге қысқарды. Мемлекеттік әкімшілік лауазымға жарияланған конкурстарға үмiткерлеp үйде отырып-ақ қатыса беретін болды. Үміткерлерге құжаттарын электронды пошта арқылы тапсыра алатын мүмкіндік туды, бұрынғыдай мемлекеттiк органға құжаттардың қағаз нұсқасын әкеліп жүрмейді, ол талап жойылды. Қазіргі кезде конкурстың әңгімелесу сатысынан өту үшін де мемлекеттік органға келіп әуре болмайсыз. Әңгiмелесyді қашықтан бейнебайланыс құралы арқылы жүргізуге болады. Үміткерлер 9 құжаттың орнына өз өтінішімен қоса 2 ғана құжат, диплом мен қызметтiк тізiмнiң көшiрмесін береді. Ал, құжаттардың толық нұсқасын конкурс комиссиясының оң шешімі шыққасын кандидат қана тапсырады.
Конкурс рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін байқаушылар қатары кеңейтілді. Ендi жасы кәмeлeтке толған кез келген азамат әңгімелесy сатысында байқаyшы бола алады. Үміткерлер конкурс комиссияcының хатшысын алдынала хабардар етіп, өзiнiң байқаyшысын әңгiмелесyге қатыстыра алады.
Өткен жылы Қызылорда облысындағы үміткерлер құжат тапсырған 578 конкурстың барлығы, яғни 100% қоғамдық байқаушылардың қатысуымен өткен. Қоғамдық байқаушылардың қатарында мәслихат депутаттары, БАҚ, ҮЕҰ, саяси партиялар өкілдері, департамент қызметкерлері, басқа мемлекеттік орган қызметкерлері бар.
– Көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің жай-күйіне тоқталсақ. Электрондық үлесі қай деңгейде?
– 2020 жылы облыстағы қызмет беруші мекемелер тарапынан 372 қызмет түрi бойынша 6155896 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Көрсетілген қызметтердің саны 2019 жылға қарағанда 2454316 қызметке артқан.
Ал, электрондық түрде 3748279 қызмет көрсетіліп, алдыңғы жылға қарағанда 1241224 қызметке көбейген. Жергілікті атқарушы органдардың электронды түрде көрсетілген қызметтерінің үлесі 67 пайыз болды.
Өткен жылғы пандемия жағдайында елімізде мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға зор мүмкіндіктер жасалды. Соған қарамастан, қызмет беруші мекемелердің халық арасында электронды қызметтерді алудың мол мүмкіндіктерін түсіндіру бойынша жұмыстардың төмендігі байқалады.
Мемлекеттік аппараттың алдында тұрған міндет – 90% мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсету.
– Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметші қандай қасиеттерге болуы керек? Облыстағы мемлекеттік қызметшілер әдеп нормаларын қаншалықты сақтайды, қандай бұзушылықтар жиі болады?
– Мемлекеттік қызметші атанамын деген адам, ең алдымен, мемлекеттік қызметтің аса үлкен жауапкершілік екенін сезінуі тиіс. Мемлекеттік қызметші болу – мемлекет пен халық тарапынан білдірілген құрмет. Сол себепті, мемлекеттік қызметші – адалдық, кәсібилік, бастамашылдық, жауапкершілік, әділдік, әдептілік секілді қасиеттерге ие болуы керек.
Мемлекеттiк қызметшiлердiң мінез-құлық нормалары Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнің әдеп кодексiнде айқындалған. Кодексте мемлекеттiк қызмет атқарy қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм білдiру болып табылады және мемлекеттiк қызметшiлердің моралдық-әдептiлік бейнесiне жоғары талаптар қояды деп көрсетілген.
Ал, мемлекеттік қызметшілер қандай әдеп нормаларын жиі бұзады деген сауалыңызға келер болсам, өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен 31 қызметші әр түрлі тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде, 13 мемлекеттік қызметшіге әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік шара қабылданды, мемлекеттік қызметтің имиджіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 18 мемлекеттік қызметшіге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасы қолданылды.
Өкінішке қарай, өткен жылы Әдеп кодексінің талаптарын бұзуға жол бергені үшін тәртіптік шара көрілген 13 мемлекеттік қызметшінің 9-ы ел аумағында короновирус инфекциясының таралуына байланысты енгізілген карантиндік шектеулер кезінде санитарлық талаптарды сақтамау деректері болды.
Жыл басында департаментпен облыстағы мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне талдау жүргізген болатынбыз. Талдау нәтижесі көрсеткендей 2020 жылы аймақтағы 667 мемлекеттік қызметші құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін тәртіптік жауапкершіліктерге тартылған. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда сәл төмен, дегенмен де құқық бұзушылықтардың орын алу себептерінің бірі нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын жете білмеу болып отыр.
Осы олқылықтың алдын алу мақсатында «Бірыңғай құқықтық оқыту» жобасын бастадық. Жоба аясында құқықбұзушылықтар жиі орын алатын салалар бойынша құқықтық оқыту өткізетін құзырлы мемлекеттік органдардың тізімі жасақталды. Олардың қатарында, мемлекеттік кірістер, мемлекеттік сатып алу, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ішкі аудит, еңбек саласындағы бақылау және т. б. салалар қамтылған. Әр ай сайын өтетін құқықтық оқулар онлайн форматта, «Zoom» платформасы және департаменттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы тікелей эфирде өтеді. Бірыңғай құқықтық оқытудың алғашқы шарасында биылдан басталған жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы түсіндірме жүргізді. Айта кету керек, биыл декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары (зайыптары), оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары (зайыптары) тапсырады.
Департамент алдағы уақытта да өзіне белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттік қызметті өткеру мен осы саладағы бақылау және мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыстарды жоғары жауапкершілікпен жүргізе береді.
Сұхбат соңында, еліміздегі атқарылып жатқан игі істерді ақпараттандыру арқылы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екендігін айтып өткім келеді.
Осы сұхбатты пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды келе жатқан әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Наурыз мейрамы елімізге құт-берекесімен келсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!