Біржолғы жәрдемақы төлеу туралы жалған ақпарат шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желілерде Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау, білім беру салаларында жұмыс істейтін адамдарға және отставкадағы полицейлерге 72 000 теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төлеу туралы Жарлыққа қол қойғаны туралы жарнама тарады.
Бұл өтірік.
Stopfake.kz сайтының мәліметінше, хабарламада басты назар аударарлық жайт – оның ресми сайтта немесе беделді БАҚ-та емес, белгісіз аккаунтта жарияланғандығы.
Президенттің ресми сайтында 72 000 теңге мөлшеріндегі біржолғы төлем туралы жарлықтар жоқ.
Мұндай әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің де ресми сайтында жоқ.
Egov.kz электрондық үкімет порталында Қазақстандағы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тізбесінде де денсаулық сақтау, білім беру салаларының қызметкерлері мен отставкадағы полицейлер 72 000 теңге алуға үміттене алатындығы туралы ақпарат жоқ.
Алаяқтар жоқ төлемдердің төленетіні туралы бұған дейін де мәлімдеген. Осылайша, олар азаматтардың жеке деректерін, кейде ақшаларын иемденеді.