Біржан Жүнісов: Біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз өте зор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып, саланы барынша цифрландыруға күш салуда. 

Соның ішінде бірқатар әлеуметтік қызмет те бар. Бұл тұрғыда корпорацияға қандай әлеуметтік міндеттемелер жүктелген, қандай жаңашылдықтар енгізіліп жатыр, карантиндік шектеулер аясында нендей өзгерістер орын алды? Осы және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымының орынбасары Біржан Жүнісовпен сұхбаттастық.

– Біржан Уәлиұлы, мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік салада атқарып жатқан міндеті қандай?

– «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласында төлемдердің 44 санаты бойынша 15 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, біз зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтің уақтылы ұсынылуын қадағалап, азаматтардан алынған құжаттардың толықтығын тексеріп, тиісті уәкілетті органға жолдаймыз, оның үстіне зейнетақы, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік жәрдемақыны төлеу процесін ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, республикалық бюджет пен әлеуметтік сақтандыру жүйесінен бөлінетін төлемдерді тағайындау туралы құжаттарды қалыптастырып, ай сайынғы қаржылық қажеттіліктерді айқындаймыз. Әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелеріне жасалған аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын дербес есепке алу жауапкершілігі де біздің корпорацияға жүктелген. Сонымен қатар, халыққа әлеуметтік сала бойынша әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.

– Енді осы үдерістерді оңай әрі қарапайым ету үшін не істедіңіздер?

– Корпорация құрылғаннан бері цифрлық технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру бойынша бірталай жұмыстар атқарылуда, соның ішінде әлеуметтік салаға қатысты қызметтер де бар. Мәселен, «Цифрлық Қазақстан» және корпорацияның стратегиялық даму бағдарламасына сәйкес бизнес-процестерді жеңілдету үшін қызметтерді барынша проактивті тәсілмен ұсынуға күш салудамыз. Нәтижесінде, қазір әлеуметтік сала бойынша жеті мемлекеттік қызмет - асыраушысынан, еңбекке қабілеттіліктен, жұмысынан айырылу және мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, бала туу мен бір жасқа дейінгі бала күтіміне және «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «Ана даңқы» марапатын алған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға қатысты қызметтер проактивті түрде көрсетіліп жатыр. Оның үстіне зейнетақы төлемдерін проактивті нұсқада тағайындау пилоттық жобасы да жүзеге асуда. Жуырда жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындау мемлекеттік қызметін де осындай автоматты тәсілмен ұсынуды жоспарлап отырмыз.

– Жүктілік демекші, карантиндік шектеулерге орай әлеуметтік төлемдерге қатысты біраз мәселелер туындады. Соның ішінде жүкті әйелдер де декреттік төлемдер алу бойынша қиындықтарға тап болды, осы жағдай қалай шешіліп жатыр?

– Иә, бүкіләлемдік пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай әсерінен бірқатар экономикалық-әлеуметтік мәселелер туындағаны рас. Осындай қолайсыз жағдайлар, соның ішінде жүкті әйелдердің декреттік төлемдеріне байланысты келеңсіздіктер мемлекеттік деңгейде, яғни заң жүзінде шешімін тауып жатыр.

ҚР Президентінің арнайы жарлығына сәйкес ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдап, нәтижесінде жекелеген қызмет түрлері 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін жалақы бойынша әлеуметтік төлемдер мен салықтар төлеуден босатылды. Ал азаматтардың табысы мен зейнетақы және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі жұмыс берушінің анықтамалары негізінде есептелді. Осылайша, «0» түзету коэффициентін қолданатын кәсіпорындардың қызметкерлері әлеуметтік төлемдерді ресімдеу кезінде мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне, яғни ХҚО-ға табыс туралы анықтаманы ұсынса жеткілікті.

Бұл тұрғыда ескеретін жайт, алғашында азаматтар біраз абдырап қалғанымен, біздің корпорацияның қарқынды түрде жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар арасында туындаған даулы мәселелер қазір оңай шешімін тауып жатыр.


– Осы арада корпорацияның халықты құлақтандырып, ақпараттандыру жұмыстары жайлы толығырақ айтып кетсеңіз.

– Негізі, қоғамдағы кез-келген кикілжің мен түсініспеушілік бейхабарлықтың салдарынан туындайды ғой. Әсіресе карантиндік шектеулер кезінде халыққа түсіндіру және кеңес беру іс-шаралының маңыздылығы арта түсті.

Бұл орайда мемлекеттік корпорация бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы қоғамды ақпараттандыру жұмыстарының қарқынын күшейтті. Мәселен, биылғы 8 айда мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша БАҚ-та 19 347 материал, әлеуметтік желілерде 514 пост, 73 бейненұсқаулық, 14 бейнеролик жарияланды. Сондай-ақ, өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңдарында корпорация спикерлерінің қатысуымен 43 брифинг өткізілді.

Әлеуметтік қызметтер бойынша 1411 байланыс орталығының да жүктемесі еселенді. Жалпы мемлекеттік қызметтерді айтпағанда, тек қана әлеуметтік-еңбек саласын алсақ, біздің мамандар демалыссыз, үзіліссіз халыққа ақпараттық-кеңес беру қызметін көрсетті. Атап айтқанда, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру және атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасыға берілетін ай сайынғы жәрдемақы, төтенше жағдай мен карантин кезеңінде кірісінен айрылуға байланысты әлеуметтік төлемдерді тағайындау, еңбек қатынастары және әлеуметтік қызметтер порталы туралы түсініктеме беру, сонымен қатар мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға онлайн-психологиялық консультация беруге өтінімдер қабылдауды жүзеге асыруда.

Биылғы 9 ай ішінде Байланыс орталығы 1 млн-ға тарта ақпараттық-кеңес қызметін көрсетсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 400 мыңдай ғана болатын. Сондай-ақ, 1411 орталығында былтыр 25 оператор жұмыс істесе, биылғы жүктеменің әсерінен штаттық кесте 60 адамға ұлғайтылды.

– Әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша биылғы көрсеткіштеріңіз қандай? Қай қызметтерге сұраныс жоғары?

– Биыл 8 ай ішінде 1 032 537 әлеуметтік қызмет, соның ішінде республикалық бюджеттен төлем тағайындау бойынша 604 587, мемлекеттік сақтандыру қорынан төлем тағайындау бойынша 427 950 қызмет ұсынылды. Ең кең тараған қызметтер - бір жасқа дейінгі баланың тууы мен күтіміне - 482 778, жүктілікке және босануға - 134 609 байланысты төлемдер. Осы орайда, жуырда енгізілетін тағы бір жаңашылдық жайлы айта кетейін, тиісті нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер жасалған соң «бала тууына және бала күтіміне жәрдемақы тағайындау» мемлекеттік қызметін тұрғылықты жерден тыс қағидаты бойынша ұсына бастаймыз.

Жалпы, өзіңіз байқап отырғандай, «Азаматтарға арналған үкіметтің» әлеуметтік саладағы жауапкершілігі өте зор. Және осы бағыттағы міндетімізді әрі қарай да абыроймен атқара бермекпіз.

– Іске сәт! Сұхбатыңызға рахмет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы