Бүгiн 2026, 11:11 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Банктерге арналған бірыңғай QR жүйесі шілдеден бастап жұмыс істей бастайды

Жаңа жүйе клиенттерге кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы ортақ QR-кодпен төлем жасауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда банкаралық бірыңғай QR-төлем жүйесі 19 шілдеден бастап іске қосылады. Бұл туралы Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

19 шілдеден бастап қолма-қол ақшасыз төлемдерге арналған бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі жұмысын бастайды. Парламенттің қолдауымен 1 мамырда экономиканың жаңа саласы – цифрлық активтер индустриясын іске қосуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды. Заманауи, түсінікті әрі институционалдық орта құрылды. Ұлттық банктің реттеуші алаңы негізінде цифрлық қаржы активтері саласындағы 30-дан астам инновациялық жоба іске қосылды, – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін әртүрлі банктердің клиенттері сатушы немесе сатып алушы қай банктің қызметін пайдаланатынына қарамастан, бір QR-код арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады.

Қаулы

2026 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Тиісті №388 Үкімет қаулысы 2026 жылғы 13 мамырда қабылданған.

Құжатта банкаралық мобильді төлемдер жүйесін пайдалану тәртібі нақтыланып, оны банк карталарымен төлем жасаумен қатар қолдану қарастырылған.

Қаулыға сәйкес, төлем карталары арқылы төлем қабылдауға және банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы мобильді төлемдерді қабылдауға арналған қызмет түрлері мен жабдықтардың жаңа тізбесі бекітіледі.

Төлем карталарын пайдалану арқылы төлем қабылдауға және банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы мобильді төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтарды қолданатын қызмет түрлерінің тізбесі бекітілсін, – делінген құжатта.

Құжатта бұрын қолданылған «жедел төлемдер жүйесі» деген жалпы атаудың орнына «Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі» ұғымы бекітілген. Сонымен қатар бірқатар қызмет түрлері үшін қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға қойылатын талаптар кеңейтіледі. Енді банк карталарымен қатар банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы төлем жасау мүмкіндігі де қамтамасыз етілуі тиіс.

Жаңа нормалар 2026 жылғы 19 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді.

Жүйені іске қосуға екі жылға жуық уақыт жұмсалды

Қазақстанда бірыңғай QR-код құру мәселесі алғаш рет 2024 жылы көтерілген болатын. Сол кезде Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы ел банктерін ортақ төлем кеңістігіне біріктіруге арналған жүйенің тұжырымдамасын таныстырды.

2025 жылдың тамызында Ұлттық банк техникалық платформаның дайын екенін хабарлаған еді. Сол уақытта тоғыз банк жүйеге қатысу туралы келісімге қол қойған, ал олардың бесеуі телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдар сервисіне қосылып үлгерген болатын. Алайда әмбебап QR-төлемдерді іске қосу үшін банктердің ақпараттық жүйелерін қосымша біріктіру қажет болды.

Неліктен іске қосылуы кейінге шегерілді?

2026 жылдың сәуір айында Тимур Сүлейменов жобаның кешігуі құқықтық мәселелерге емес, техникалық күрделілікке байланысты екенін түсіндірген болатын.

Оның сөзінше, банктер ұзақ жылдар бойы өздерінің төлем экожүйелері мен қауіпсіздік жүйелерін қалыптастырған. Сондықтан олардың барлығын бірыңғай қорғалған ортаға біріктіру қажет болған.

Сол кезде Ұлттық банк басшысы заңнамалық және келісімшарттық мәселелердің толық шешілгенін, ал техникалық біріктіру жұмыстарын жаз мезгілінде аяқтау жоспарланып отырғанын айтқан еді.