"Біртұтас тәрбие" бағдарламасы білім беру жүйесі үшін маңызды – вице-министр

Өңірлерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаттықтырушылары жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 200-ден астам педагог «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұны бойынша оқудан өтті. 
Өңірлік білім басқармалары мен әдістемелік кабинеттер басшыларының орынбасарларына арналған оқуды Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы және «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты ұйымдастырды.

2023-2024 оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы алғаш рет енгізілді. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, «Менің бауырым» волонтерлер қозғалысы құрылып, «ДосболLike» – «Достық қолыңды соз» науқаны бастау алды.

Білім беру мекемелерінде 2,4 миллион студенттің қатысуымен 22 түрлі әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Биылғы оқу жылында бұл бастамалар жаңа форматта жалғасатын болады.

Семинар барысында «Цифрлық қоғам: ұлттың құндылықтары мен сапасы негізінде тәрбиелеу», «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: зерттеулер мен іске асыру тетіктері», «Цифрлық қоғам жағдайында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өміршеңдігін дамыту факторлары», «Оқушылардың ұлттық тәрбиесінің ерекшеліктерін анықтау және жетілдіру жолдары» тақырыптарында практикалық шеберлік сабақтар ұйымдастырылды.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының қазіргі білім беру жүйесі үшін өзектілігі мен маңыздылығы жоғары. Бағдарлама қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне дайын және өз елінің дамуына елеулі үлес қоса алатын азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы атап көрсеткен әділ қоғам құруға, жауапты тұлға қалыптастыруға және прогрессивті ұлтты дамытуға бағытталған жаңғырту бастамаларына сәйкес келеді, – деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Айта кету керек, республикалық семинар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқу-тәрбие процесінің сапасын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, педагогтер арасында білім мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды. Семинар соңында барлық қатысушыларға өңірлердегі тәрбие бағдарламасын түсіндіру бойынша жаттықтырушы ретінде дәріс беруге рұқсат беретін сертификаттар табысталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Өзгелердің жаңалығы