Біртановтың Мамин мен министрлерді індеттен құтқару үшін қандай әрекетке барғаны айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа санитарлық авиация ұшағын заңсыз қолдану арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген де айып тағылған. Осыған қатысты бүгін сот отырысында адвокаты Нұрлан Бейсекеев жауап берді.

Біртановқа қатысты қылмыстық іс 361-бап «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану») бойынша да қозғалған. Прокуратура Біртанов Тараздан Нұр-Сұлтанға дейін жету үшін санитарлық авиация ұшағын заңсыз қолдану арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды дегенді алға тартып отыр. Алайда күдіктінің адвокаты мұның себебін былай түсіндірді.

Премьер-министр Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелері 2020 жылғы 12-13 маусым аралығындағы жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды. Онда Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысымен танысу болататын. Белгіленген регламент бойынша жұмыс тобының барлық мүшесі бірігіп авиация көлігімен Нұр-Сұлтаннан аталған ауданға жетуі және кері қайтуы керекеді. Ашық ақпарат көздерінде жазылғандай, осы іссапар кезінде Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырып алды. Бұл диагноз 2020 жылдың 13 маусымында расталды, – дейді Нұрлан Бейсекеев.

Осыдан соң оны елордаға жеткізіп, жаңадан салынған екіжақты пневмония диагнозымен модульді жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызған. Кейіннен денсаулығының нашарлауына байланысты елордадағы Ұлттық кардиоорталыққа ауыстырылған. Ол жерде Біртанов 23 маусымға дейін емделген. Адвокат ауру жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, Біртанов Нұр-Сұлтанға Премьер-министр және үкімет мүшелерімен бірге бір ұшақпен қайта алмағанын жеткізді.

Бұл жағдайда ҚР Қылмыстық кодексiнің 34-бабындағы талаптарға сәйкес, тергеу органдары бастапқыда тиісті дұрыс баға бермегенін мәлімдеймін. Біртановтың жұмыс тобының мүшелерімен бір ұшақта Нұр-Сұлтанға оралуға құқығы болған жоқ, өйткені инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары еді. Елімізде вирустың таралу деңгейінің артуына байланысты сол қиын кезеңде Премьер-министрдің COVID-19 инфекциясын жұқтыруы бүкіл Министрлер кабинетінің жұмысы үшін ауыр зардапқа әкеліп соқтыруы мүмкін еді, – дейді адвокат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы