Біртанов тісін емдеткеннен кейін комаға түскен баланың жағдайы ауыр екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жеке стоматологиялық клиникада тісін емдеткеннен кейін комаға түскен 2,5 жасар астаналық нәрестенің жағдайы туралы айтты. Бұл туралы министр өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында жариялады. 

Таңертең №2 қалалық балалар ауруханасында республиканың ең жақсы балалар дәрігерлері, неврологтар, нейрохирургтер, кардиохирургтар және анестетиктер қатысуымен Нұр-Сұлтандағы жекеменшік стоматологияда тісін емдеткеннен кейін комаға түскен қыздың жағдайы туралы консилиум, яғни дәрігерлік кеңес өткіздік. Нәрестенің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта дәрігерлердің тәулік бойы қадағалауында әрі интенсивті терапия алып жатыр, - деп хабарлады Біртанов өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында. 
Сондай-ақ, министр қыздың анасы Анастасиямен кездескені туралы да айтты.
Біз ол кісімен әрі қарайғы бақылау тактикасы туралы сөйлестік. Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мамандары жеке стоматологиялық емхананы тексеру жұмыстарын жүргізуде, - деп түсіндірді Елжан Біртанов. 

Баланың анасының айтуынша, қызды аталмыш клиника 26 желтоқсанда тіс ауруын емдеу үшін қабылдаған. 
Бізден тек қан анализі мен коагулограмма алынды. Басқа сынақтар мен сынамалар болмады. Мен мұны нақты білемін. Өйткені анализ жасау үшін 20 мың теңге төледім және егер олар оны алған болса, онда мен ол үшін ақы төлейтін едім. Осыған дейін біз №2 балалар ауруханасында тісті жұлдырттық. Дәрігер-стоматолог бізге сынаманы қажет етпейтінін айтты. Мұндай жағдай орын алмауы керек еді. 11 күн болды балам комада жатыр!, - деп қыздың анасы өз шағымын Facebook әлеуметтік желісінде білдірді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы