Біртанов медбикелерді төл мерекесімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында Халықаралық медбикелер күнімен құттықтады.

Елжан Біртанов алғашқы еңбек жолында мейіргер болып жұмыс істей бастағанын айтты.

Қымбатты, құрметті медбикелер! Сіздерді Халықаралық медбикелер күнімен құттықтаймын! Өзім де жұмысты Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада және Жедел медициналық көмек ауруханасында мейіргер болып бастадым. Сондықтан, тәулігіне 24 сағат кезекшілікке түскенде төзім мен шыдамдылықтың аса қажет екенін мен өз тәжірибемнен жақсы білемін. Түрлі процедура жасайсың, науқастарға дәрі егу, жан сақтау бөлмесіндегі жағдайы ауыр пациенттерді түнімен күзету қажет, мұндайда адамда "міндетімді сәтті атқарсам" деген ой ғана болады, - деді министр.

Министр әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі медбике болып қызмет ететінін атап өтті.

Сіздер атқарып отырған жұмыс - қайырымдылық, мейірімділік пен гуманизмге негізделген. Бұл қасиеттер медициналық ақ халат киген әрбір маманға үлкен жауапкершілік жүктейді. Әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі медбике және олар денсаулық сақтау жүйесінде өмірлік маңызды қызмет атқарады. Көбіңіз осы мамандыққа әбден бейімделіп алдыңыз, тіпті, көмекке мұқтаж адамдарға шынайы қызмет ету – өмір сүру салтына айналды. Жалпы, науқасты емдеу ісінде мейірбикелердің еңбегі өте маңызды, - деді Біртанов.

Денсаулық сақтау министрі пандемиямен күресте де алдыңғы қатардан табылған мейірлерге алғысын білдірді.

Медбикелер адам денсаулығына қауіп төндіретін эпидемия, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрды. Бүкіл әлемдегі медбикелер COVID-19 қасқайып қарсы шықты. Еліміздегі мейірбикелер мен мейіргерлерге министрліктің атынан алғыс білдіремін. Өз істеріңзге деген адалдық пен пациенттерге деген қайырымға, мейірімге толы қарым-қатынастарыңыз үшін көп рақмет! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және сәттілік тілеймін!, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы