Біртанов ісі. Мамин, Тоғжанов, Мусин және Дүйсенова куәгер болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін экс-министр Елжан Біртановтың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті.
Елжан Біртанов сот отырысында бірқатар лауазымды тұлғадан куәгер ретінде жауап алуға сұрады.
Қазіргі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді, бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованы қорғаушы куәгер ретінде шақыруды сұрады. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановты және бұрынғы Премьер-министр Асқар Маминді куәгер ретінде шақыруды сұраймын. Заң бойынша іске қатысты деректер мәлім кез келген тұлғаны куәгер ретінде шақыруға болады, - деді экс-министр.
Сондай-ақ Біртанов Халықаралық қайта құру және даму банкінің денсаулық сақтау жобалары бойынша жетекші маманы Марсело Бортман мен Халықаралық Қайта Құру және даму банкінің конкурстық рәсімдерді жүргізу, өнім берушіні таңдау, келісімшартқа отыру, қосымша келісімдер жасау, оны жүзеге асыру мерзімін ұзарту және оны аяқтау мәселелері бойынша жобаның бас маманы Бақтыбек Жұмаділді сот отырысына шақырып, жауап алуды ұсынды.
Сот отырысында судья Біртановтың ұсынысын қабылдады. Енді жоғарыда аталған тұлғалар Біртановтың сот отырысында куәгер болады.
Сот қатысушылардың пікірін тыңдай келе, айыпталушы Біртановтың ұсынысын қабылдап, айтылған тұлғалардан сот отырысында жауап алуға рұқсат береді, - деді судья.