Біртанов: Бірде-бір заң бұрын-соңды мұндай ашық және ауқымды талқылаудан өтпеген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Министр "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне қатысты пікір білдірді.
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Осыған қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласындағы бірде-бір заң бұрын-соңды мұндай ашық және ауқымды талқылаудан өтпегенін айтады.
Бұл жолдың жартысы ғана. Жұмыс әлі аяқталған жоқ, әлі де көп жұмыс істеу керек. Бірақ Мәжілістегі кодекс жобасын қарау барысында-ақ, вакцинация, донорлық, трансплантация, психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау, скринингтер, дербес медициналық мәліметтер жинау, темекі өнімдерін тұтынуды реттеу нормалары бойынша консенсус табылды. Жеке тарау медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесіне арналды. Ел президентінің тапсырмасы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рөлін күшейту және оны нығайту бойынша нормалар көзделген. Жұмыс тобының 42 отырыс, 1000-нан астам түзетулер, отандық және халықаралық сарапшыларды, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерін тарта отырып, Нұр-сұлтан, Алматы және өзге де өңірлерде өткен 11 көпшілік талқылау өткізді. Денсаулық сақтау саласындағы бірде-бір заң бұрын-соңды мұндай ашық және ауқымды талқылаудан өткен жоқ, - деп жазды министр өзініңFacebook-тегі парақшасында.
Сондай-ақ, ол Қазақстан өңірлеріне жасаған жұмыс сапарларында әріптестеріне Кодекс жобасының нормаларын таныстырған.
Біздің саланың болашақ дамуы жайында шынайы ниетпен және тың оймен келгендердің барлығы 2018 жылдан бастап өз ұсыныстарын айтып жатты. Ал осы қыста біз ҮЕҰ-дан келіп түскен 16 жаңа ұсынысты жедел түрде қостық. Оның Парламент Мәжілісі қабырғасында, сондай-ақ, Nur Otan партиясы фракциясының отырысында халық арасында ерекше назар аударған нормалар бойынша жұртшылықпен кеңінен талқыланғанын атап өткім келеді. Біз мұны құптаймыз, өйткені, кодекс жобасы әлеуметтік маңызды құжат болып саналады және қоғам тарапынан белсенді реакция болатыны анық еді, - деді Біртанов.
Жазбасында вакцинацияға жеке тоқталған министр, бұл мәселеде әлеуметтік желілерде кереғар пікірдің барын айтты.
Соңғы уақытта, әлеуметтік желілерде кодекстің қабылдануына қарсы, оның ішінде міндетті вакцинациялауға қатысты сапасыз вакциналар, теріс пиғылды сатып алулар мен вакциналарды дұрыс тасымалдамау, вакцинадан болатын асқынулар және екпеден бас тартушылардың шектен тыс көп екені туралы әңгімелер көбейді. Бұл қоғамдық сананы ашық манипуляциялау! Қазақстанда вакцинация мәжбүрлі түрде жасалмайды. Әлем елдеріндегі сияқты біздің елде де ерікті және міндетті вакциналар болады. Бірақ, бұл екі жағдайда да ата-аналар ақпараттандырылған келісімге немесе вакцинациядан бас тарту құқығына ие. Екпе жасалмаған балалар құқығын шектейтін ешқандай норма жоқ. Ұжымдық иммунитетті, яғни, балабақшаларға баратын барлық балалардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін бір ғана норма бар. Екпеден бас тартқандар бойынша – 2019 жылы 4 841 334 екпе салдырғандардың 6003-і ғана екпеден бас тартқан. Бұл тек 0,12%-ды құрайды. Ал, асқынулар бойынша – 2019 жылы 4 841 334 егілгендердің ішінде тек 143-де ғана жағымсыз реакция байқалды (температураның көтерілуі, ісіну, терінің қызаруы) және бұл 0,003%. Сонымен қатар, 2019 жылы Қазақстанда қайтыс болған балалардың санын салыстырсақ, вакцинадан – 0. Сандар өзі-ақ айтып тұр, - деді министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы әр вакцина тиісті өндірістік тәжірибенің халықаралық стандарттарына (GMP) сәйкес келетін қауіпсіздікке, тиімділікке және сапаға қатысты бірқатар кезеңді тексерістен өтеді.
Сапаны бақылау вакцинаға арналған құжаттық мәліметтер жинағына толық талдау жүргізілетін тіркеу кезеңінен басталады, ал дәрілік заттар мен медицинаық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (ДСҰО) сарапшылары өндірістік алаңға шығып, алгоритмге сәйкес және стандартқа сай бағалауды жүзеге асырады. Екінші талдамалық кезең барысында зертханалық зерттеулер жүргізіледі, сондай-ақ, біз клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің тарихын, вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі қандай екенін тексереміз. Әрбір партия тіркеуден кейін әкелінетін вакцинаның сериясы қауіпсіздік пен сапаға қатысты тағы бір бағалаудан өтеді. Егер вакцина халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынса, онда сапа қауіпсіздігін бағалау Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) деңгейінде жүргізіледі. Бұған дейін біз қауіпсіздік пен сапаны бағалау процесінің қалай өтіп жатқанын бірнеше рет көрсеттік. Мұны әрі қарай да ашық түрде жалғастыра береміз, - деді ол.Елжан Біртанов кодекс халықтың денсаулығы үшін қазіргі заманғы сын-қатерлерге сәйкес келетініне және депутаттардың атқарған жұмысының нәтижесі халықтың денсаулығы мен әл-ауқатының нығаюына, мемлекеттің өркендеуіне ықпал ететініне сенімді. Оның айтуынша, кодекс ел медицинасының стандарттарын жоғары дамыған елдер деңгейіне көтеруге мүмкіндік беретін заманауи, дамыған денсаулық сақтау жүйесін құруға бағытталған.