Бірқатар өңірде қалың қар жауады
"Қазгидромет" РМК Қазақстан бойынша 27 ақпан мен 1 наурыз аралығындағы ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдағы күндері оңтүстік циклон әлі де Қазақстан аумағының басым бөлігіне өз ықпалын сақтап қалады, боранмен қар жауады, елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады деп күтілуде. 27 ақпанда шығыста, түнде оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында, 28 ақпанда оңтүстік-батыста, 1 наурызда солтүстік-батыста қатты қар жауады. ҚР бойынша тұман, көктайғақ, желдің күшеюі болжанады, 27 ақпанда түнде республиканың оңтүстік-шығысында 30 м/с және одан да көп қатты желдің ықтималдығы сақталады, - делінген хабарламада.
Түнгі уақытта ауа температурасы солтүстік-батыста, шығыста, елдің орталығында 12-28 аязға дейін, солтүстікте 15-25 аязға дейін, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста 1-10 аязға дейін, батыста ауа температурасының негізгі фоны 5-20 аязға дейін төмендейді деп күтілуде.