Бірпалаталы Парламент: Құқықтық жүйе үлкен сынаққа дайын ба?

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстан бірпалаталы парламентке өткен соң құқықтық жүйенің қандай өзгерістерге дайын екендігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы депутат елордада "Елдің жоғарғы заң шығарушы органына – жаңа серпін және жаңа тыныс" атты дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.

Айтуынша, реформалар – Президент бастамашы болған бұл өзгеріс, еліміздегі жоғары өкілді билік институтының дамуына жаңа кезең ашып отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, болашақ Парламент бір палаталы болып құрылады және депутаттар тек партиялық тізім бойынша сайланады. Мұндай шешімнің мәні терең: заң шығару процесі бір палатаның құрамына шоғырланып, сонымен бірге қабылданатын заңдардың сапасы мен ішкі үйлесімділігі үшін жауапкершілік те тұтас осы органға жүктеледі, - деп түсіндірді депутат.

Парламент қандай болуға тиіс?

Пайымдауынша, жаңа институционалдық модельде Парламент тек заң шығару орталығы ғана емес, құқықтық тұрақтылықтың тірегі болуы қажет.

Сенат болмаған жағдайда жоғары деңгейдегі қайтарма бақылау кезеңі жойылады. Демек, Мәжіліс әрбір норманы аса мұқият қабылдауға міндетті, себебі заң жобасы енді екінші палатада қайта қаралмайды. Осы себепті Парламенттің күшейтілген құқықтық және сараптамалық әлеуеті болуы аса маңызды: кәсіби заңгерлер, аналитиктер, экономистер, құқықтық техника мамандарынан тұратын мықты аппарат қажет. Осы орайда дамыған елдердің парламенттеріндегі ғылыми-сараптамалық қызмет сияқты құрылым құру мәселесін қарастыру орынды болады, - деді Абзал Құспан.

Парламенттік түсіндіру институтының жоқтығы

Қазіргі таңда Қазақстанда заңдарды ресми түсіндірудің парламенттік тетігі жоқ.

Депутаттың мәлімдеуінше, бұл функция іс жүзінде атқарушы органдарға өтіп кетті, бұл конституциялық тепе-теңдікті бұзады. Толық түсіндіру келесі түрде бөлінген:

  • Конституциялық сот тек Конституция нормаларын түсіндіреді;
  • Бас прокуратура шолулар арқылы заңдарды өз деңгейінде интерпретациялайды;
  • Үкімет пен Әділет министрлігі заңға тәуелді актілер бойынша түсініктеме береді.

Бұл түсіндірмелер заңдық күші болмаса да, құқық қолдану тәжірибесінде квазинормативті сипат алып, заңдардың қалай орындалатынына тікелей ықпал етеді. Яғни заңның мәнін түсіндіру міндеті заң шығарушыдан емес, орындаушыдан шығып отыр, - деді спикер.

Ресми түсіндіру құқығын Парламентке қайтару

Заңның түпкі мазмұнын оның авторы – Парламент қана толық әрі шынайы түсіндіре алады.

Бұл құқықты Конституцияда немесе «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңда бекітуге болады. Сондай-ақ арнайы тұрақты комиссия құрып, құқықтық саясат пен заң шығармашылығына жауапты орган ретінде жұмыс істету тиімді болар еді. Бұл қадам елдегі құқық қолдану бірізділігін қамтамасыз етеді, даулы нормаларды азайтады және Парламенттің беделін арттырады, - дейді Абзал Құспан.

Парламенттік бақылаудың күшеюі

Заңды түсіндіру құқығымен қатар, Парламенттің бақылау тетіктерін кеңейту – аса маңызды.

Бұл механизм мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады, қоғамдағы әділеттілікке нұқсан келтіретін жағдайларда әрекет етуге мүмкіндік береді.

Мәселен:

  • адам құқықтарының жаппай немесе өрескел бұзылуы;
  • мемлекеттік шешімдерден қоғамға келген ірі зиян;
  • техногендік, табиғи немесе әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар;
  • сыбайлас жемқорлық тәуекелдері;
  • этносаралық қақтығыстар немесе қоғамдық тәртіптің бұзылуы.

Мұндай бақылау – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан стандарт. АҚШ Конгресіндегі тергеу комитеттері, Еуропа парламенттеріндегі уақытша комиссиялар соған дәлел. Мұндай модель заң шығару ғана емес, құқықтық тәртіп пен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау ісінде де тиімді, - дейді депутат.

Депутаттық тәжірибеден мысалдар

Жиын барысында Абзал Құспан өз тәжірибесінен мысалдар келтірді.

Депутат ретінде мен бірнеше рет заң нормаларын түсіндірудегі қарама-қайшылықтар салдарынан туған қиындықтарға куә болдым. Мысалы, амнистия туралы заңның орындалуында айқын сәйкессіздіктер болды: кейбір адамдар негізсіз босатылса, басқалары керісінше босатылмай қалды. Бұл бойынша депутаттық сұрау жолданып, прокуратура протест енгізуге мәжбүр болды. Қазір мен Қылмыстық кодекстің жаңа 339-бабының қолданылуы бойынша жаңа депутаттық сұрау дайындап жатырмын. Тағы да бір мәселе – ресми түсіндірудің жоқтығы кесірінен соттар әртүрлі шешім қабылдауда, - деп ағынан жарылды ол.

Депутаттың пайымынша, бірпалаталы парламентке көшу – құқық жүйесінің жетілу деңгейін айқындайтын маңызды қадам.

Енді Мәжіліс заңдарды қабылдаумен қатар, олардың мазмұны мен орындалуына толық жауап береді. Болашақ Парламент – заң шығаратын ғана емес, оның рухы мен әділеттілігін қамтамасыз ететін институт болуға тиіс. Парламенттік түсіндіруді қайтару және бақылау функцияларын күшейту – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын нақты қадамдар, - деп түйіндеді Абзал Құспан.

Еске салайық, Астанада сарапшылар Қазақстан парламентаризмінің жаңа кезеңін талқылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы