Кеше 2026, 22:53 Фото: istockphoto.com

Бірнеше жыл бойы мазалаған: Қызылордада сталкер 25 тәулікке қамалды

Жәбірленушінің азаматтық талабы бойынша одан 500 мың теңге моральдық өтемақы өндірілді.

Қызылорда қаласының №2 соты ер адамды сталкинг үшін кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамауға алды. Сонымен қатар, жәбірленушінің азаматтық талабы бойынша одан 500 мың теңге моральдық өтемақы өндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы 2022 жылдан бері жәбірленушіні әлеуметтік желілер, ұялы байланыс және WhatsApp арқылы мазалап келген. Әйелдің бас тартуына және байланыс нөмірлерін бұғаттауына қарамастан, ол қудалауын тоқтатпаған.

Ер адам жәбірленушінің тұрғылықты жері мен жұмыс орнына бірнеше рет барып, оны жүйелі түрде аңдыған. Сотта жәбірленуші қала ішінде еркін жүре алмайтынын, үнемі қорқыныш сезінетінін және мекенжайын өзгертуге мәжбүр болғанын айтқан.

Қазақстанда сталкингке қатысты жауапкершілік Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы негізінде қарастырылады. Бұл бап 2025 жылғы 16 қыркүйекте күшіне енген. Заңға сәйкес, 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы көзделген.

Заң күшіне енгеннен бері елде осы бап бойынша бірнеше үкім шығарылған.