"Бірнеше жерден ішегі тесілген": Шымкентте сүйек жұтып қойған азаматқа ота жасалды
Шымкентте дәрігерлер ішегі бірнеше жерден тесілген азаматқа шұғыл түрде ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері 38 жастағы азаматты ажалдан арашалап қалды. Науқас ауруханаға ауыр хәлде жеткізілген. Тексеру барысында оның ас ішегі 3–4 жерден тесіліп, іш қуысына инфекция тарағаны анықталды.
Дәрігерлердің айтуынша, асқазаннан өткен ұзындығы шамамен 3 сантиметр болатын өткір сүйек ішекті тесіп, перфорацияға әкелген. Соның салдарынан перитонит — іш пердесінің жедел қабынуы басталған. Сонымен қатар, науқаста тамақ өтімсіздігі де байқалған.
Шұғыл түрде хирургиялық операция жасалды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында өткен ота барысында хирургтер ішекті тесіп тұрған сүйекті алып, зақымдалған ішек бөліктерін тігіп, қалпына келтірді. Сондай-ақ іш қуысы толық тазартылып, перитониттің зардаптары жойылды. Операция 1,5 сағатқа созылып, жалпы жансыздандырумен өтті. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, - деп жазылған хабарламада.
Ота жасаған хирург-дәрігер Нұрғали Тұрлыбаевтың айтуынша, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында ауыр асқынулардың алдын алу мүмкін болған..