Бірнеше өңірде өзен суы көтерілуі мүмкін
«Қазгидромет» РМК екі өңірдегі өзен-көлдерде су деңгейі көтерілуі мүмкін екендігін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында
7-9 сәуір күндері жоғарыда орналасқан өзендерден еріген қар суының келуінен және тау беткейлерінен судың ағуынан Есіл өзені бассейнінің деңгейі одан әрі көтеріле береді.
Ақмола облысында:
- Атбасар қаласындағы Жабай өзенінде су деңгейі одан әрі көтерілетіні болжанады (6 сәуір сағат 16.00-де – 657 см, қауіпті деңгей – 650 см);
- Қалқұтан ауылындағы Қалқұтан өзенінде су деңгейі одан әрі қауіпті деңгейге көтерілуі ықтимал (6 сәуір сағат 16.00-де – 433 см, қауіпті деңгей – 570 см).
Солтүстік Қазақстан облысында:
- Рузаевка ауылындағы Шарық өзенінде су деңгейі одан әрі қауіпті деңгейге жоғарылайды (6 сәуір сағат 16.00-де – 479 см, қауіпті деңгей – 570 см);
- Крещенка ауылындағы Есіл өзенінде су деңгейі көтеріле береді (6 сәуір сағат 16.00-де – 1426 см, қауіпті деңгей – 1400 см).
Су қауіпті деңгейден асқан жағдайда өзеннің төменгі ағысында орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарды және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі болуы ықтимал, - делінген Қазгидромет хабарламасында.