Бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды
Он өңірде тұман, көктайғақ күтілуде.
"Қазгидромет" 1 наурызға Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қазақстанның он облысында дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астанада түнде және таңертең тұман күтіледі.
Алматыда кей уақыттарда тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.
Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында түнде қар жауып, жаяу бұрқасын болады деп болжанып отыр. Облыстың оңтүстігі мен таулы аймақтарында тұман түсіп, көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғады, облыстың шығысында, тау бөктері мен таулы аудандарында екпіні 18–23 м/с-қа жетеді. Түнде облыстың солтүстігінде 25 градусқа дейін қатты аяз болады. Қонаевта кей уақыттарда тұман мен көктайғақ күтіледі.
Шымкентте ара-тұра тұман болады.
Түркістан облысының таулы аудандарында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ және жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың батысында, оңтүстігінде және таулы өңірлерінде тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан соғады, облыстың солтүстігі мен таулы аймақтарында екпіні 15–20 м/с болады. Түркістан қаласында да кей уақыттарда тұман күтіледі.
Қызылорда облысының орталығы мен солтүстігінде тұман мен көктайғақ болады. Жел солтүстік-шығыстан соғады, күндіз облыстың орталығы мен шығысында екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Қызылорда қаласында көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, күндіз екпіні 15–20 м/с болады.
Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында түнде және таңертең қатты жауын-шашын (негізінен қар) жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Түнде облыстың орталығында жаяу бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, түнде облыстың шығысы мен орталығында екпіні 15–20 м/с болады. Ақтауда түнде және таңертең кей уақыттарда қатты қар жауып, көктайғақ күтіледі.
Жамбыл облысында ара-тұра тұман түсіп, көктайғақ болады. Жел солтүстік-шығыстан соғады, түнде облыстың таулы аудандарында, күндіз оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы өңірлерінде екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Таразда кей уақыттарда тұман мен көктайғақ күтіледі.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде түнде қар жауып, жаяу бұрқасын болады, күндіз қар жауып, облыстың батысы мен солтүстігінде жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Облыстың оңтүстігі мен шығысында тұман болады. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде тұман күтіледі.
Жетісу облысының солтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында тұман болады. Жел солтүстік-шығыстан соғады, Алакөл көлдері маңында екпіні 15–20 м/с, күндіз кей уақытта 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Түнде облыстың солтүстігінде 25 градусқа дейін қатты аяз болады. Талдықорғанда түнде және таңертең тұман күтіледі.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман болады. Орал қаласында күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі.
Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі.