Бірнеше өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті жаңбырдың жаууына және түнде ауа температурасының төмендеуіне байланысты 7 өңірде дауылды ескерту жариялады.
Нұр-Сұлтан, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жауын-шашынның жаууына және түнгі уақытта аяз болуына байланысты көктайғақ болады. Соның салдарынан жол-көлік апаттары, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің көшеде алатын зақымдары: құлаудан дененің соғылуы, сынық жарақаттары жиілейді. ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті жүргізушілерге жол қозғалысы кезінде абай болып, төмен жылдамдықты сақтауға және сақ болуға шақырады. Жаяу жүргіншілер жолдан өткен кезде өте мұқият болуы керек, асығуға немесе жүгіруге болмайды. Көктайғақ кезінде азаматтарға тайғанамайтын табаны бар аяқ киім кию ұсынылады. Қарт адамдарға ұшы резеңкемен қапталған немесе шырмауығы бар таяқты пайдалану қажет, - делінген ведомство ақпаратында.
Сонымен қатар Қазгидромет 27 ақпанда елміздің бірнеше өңірінде дабылды ескерту жасады.
Түнде және таңертең Түркістан облысының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауып, солтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20, 25 м/с артуы мүмкін. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Түркістан қаласында түнде солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с жетеді.
Шымкент қаласында түнде қатты жаңбыр жауып, солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с артады.
Қызылорда облысының кей жерлерінде түнде көктайғақ күтіледі. 27-29 ақпан аралығында сондай-ақ тұман болжанады. Түнде және таңертең, 28-29 ақпанда тәулік ішінде солтүстік-батыстан, батыстан соғатын жел оңтүстік-шығысқа ауысып, күші кей жерлерде 15-20 м/с болады.
Батыс Қазақстан облысының кей жерлерін тұман басады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз кей жерлерде 15-20 м/с жетеді.
Орал қаласында тұман, оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы күндіз 18 м/с болатыны күтіледі.
Қостанай облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғып, күші 15-20, 23-28 м/с артады. Қостанай қаласында бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с жетуі ықтимал.
Маңғыстау облысында шаңды дауыл тұрып, оңтүстік-шығыстан соққан желдің күші кей жерлерде 17-22 м/с жетеді. Ақтау қаласында күндіз шаңды дауыл күтіледі, оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 17-22 м/с.