«Бірлік – өзінен-өзі келетін дүние емес, ол – үздіксіз еңбек» – ҚХА төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович
Қазақстан халқының бірлігі мерекесі алғаш күннен-ақ қоғам тарапынан үлкен ықыласпен қабылданды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович бұл мерекенің алғаш қалай қабылданғанын еске алды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында ең бастысы – біздің күшіміз айырмашылықта емес, бір-бірімізді құрметтей отырып бірге өмір сүре білуде екенін айқындау маңызды болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан халқының бірлігі күнінің енгізілуі қоғамдық дамудың маңызды бағытын айқындады.
Бұл мереке алғаш пайда болған кезде жас тәуелсіз ел үшін даму бағытын айқындайтын құндылықтарды нақты көрсету аса маңызды еді. 1996 жылы 1 мамыр жаңа мазмұнға ие болып, Қазақстан халқының бірлігі күніне айналды. Бұл тек күннің атауын өзгерту емес, мемлекеттің стратегиялық таңдауының көрінісі болды. Сол кезеңде Қазақстан өз мемлекеттілігін енді ғана қалыптастырып жатқан, қоғамда ерекше көңіл күй – өсімге, ізденіске, үмітке толы ахуал сезілді, – деді спикер.
Соңғы жылдардағы тәжірибе, Дмитрий Останьковичтің айтуынша, адамдардың бір-біріне қол ұшын созуға дайын екенін көрсетті. Бұл қоғамымыздың ішкі бірлігінің айқын дәлелі. Мұнда мерекенің де үлесі зор.
Бұл мереке елдің көпұлтты құрамын еске салумен ғана шектелмей, өзара құрмет, сенім, ашықтық, диалогқа дайындық сияқты басты құндылықтарды бекітті. Бұл жай сөз емес – ол адамдардың күнделікті өмірінен көрініс тапты. Азаматтардың этникалық тегіне қарамастан бірлігі біздің мемлекеттілігіміздің негізіне айналып, жаһандық сын-қатерлерді еңсерудегі басты күшке айналды, – деді ол.
Қазақстан халқының бірлігі күні бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ең алдымен, ол ортақ құндылықтарымызды, бір-біріміз алдындағы жауапкершілігімізді еске салады және тек бірлікте ғана алға сенімді қадам жасай алатынымызды ұғындырады.
Бұл мерекені атап өтудің мәні зор, өйткені бірлік – өзінен-өзі қалыптаспайды, ол – үздіксіз еңбек. Әлем күрделене түсуде, жаңа сын-қатерлер пайда болуда, дәл осындай кезде қоғамның ішкі тұтастығы бізге тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Мерекенің шынайы мәні тек салтанатты шараларда емес, адамдардың нақты іс-әрекеттерінде көрінеді, – деп атап өтті Дмитрий Останькович.
Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күні мемлекеттік мереке ретінде 1996 жылдан бері аталып келеді. Ол көпұлтты елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің достығы мен келісімін, өзара құрметін білдіреді.