Бірлік – аса маңызды этикалық ұғым
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірлікті көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оны күн сайын өз істерімізбен нығайтуымыз қажет, дейді жазушы Камал Әлпейісова.
Өмір ағымын ешнәрсе өзгерте алмайды: күндер зырлап өтуде, елде карантин жарияланған наурыз айы сәуірмен ауысты, міне, мамыр да келді. Бұл – көктем өз күшіне енетін және сәуірде оңтүстіктен басталған дала жұмыстары біртіндеп бүкіл елді қамтитын ай. Бір жерлерде туған жер топырағына бидай немесе тары дәні себіледі, бір өңірлерде пияз немесе қызылша егіледі, ал тағы бір жерлерде гүлдердің көшеттерін отырғызып жатады... Ол гүлдер де еліміздің халқы сияқты алуан түрлі.
Бұл шуақты, берекенің бастауы болатын ай 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен басталады. Меніңше, бұл мерекенің Ұлыстың ұлы күні – Наурызбен ұқсастығы көп. Ежелгі Италияда мамыр (май) мерекесі құнарлылық құдайы Майяның құрметіне арналып, күнтізбенің бесінші айын соның атымен атаған. Ол кезде 1 мамыр күні көктемгі жаңару және еңбек күні ретінде атап өтілетін болған. Оның біздің біздің Наурыз мерекесімен ұқсастығы, міне, осында, - дейді жазушы, ҚР Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" РММ жетекші сарапшысы Камал Әлпейісова.
Біздің буын Кеңес одағында осындай мереке болғанын, онда адамдар ақ матаға қызыл бояумен "Мир.Труд.Май" деп жазылған плакаттарды ұстап, баста көшелермен лек-лек болып жүріп өтетінін біледі, дейді жазушы.
Тәуелсіздіктен кейін мемлекетіміз көп этносты болуына қарай бірінші мамыр мерекесі аздаған өзгерістерге ұшырады. Енді ол ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығына сәйкес Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ретінде атап өтіледі.
Біздің халқымыз бұл жаңалықты кезінде қалай қабылдағаны туралы бірер мысал келтіре кетейік. Бұлар – әр қазақ өз қандасындай құрметтейтін, неміс және әзірбайжан этностары өкілдерінің пікірлері. Жарлыққа түсініктеме берген Асылы Осман: "Бірінші мамыр мерекесі бүкіл планетада атап өтіледі, бірақ біздікі басқалардан ерекше. Менің ойымша, Президенттің 1 мамырды Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде атап өту идеясы – бұл өте дұрыс идея. Тек бірлік бар жерде ғана бірлескен жасампаз еңбек болуы мүмкін" дейді.
Ал қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, аудармашы, халық ауыз әдебиетін терең білген Герольд Бельгер: "...Қазақта "Ертеңін ойлаған ер озады" деген жақсы сөз бар. Мен мерекенің идеясын – Қазақстан халықтарының бірлігін нығайту идеясын түсінемін және қолдаймын. Бұл болашақ үшін керек" деген екен.
Міне, осы жерде мереке мен Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің мақсаттары сәйкес келетінін атап өту парыз. Олар – халықтың бірлігін, этносаралық қатынастардың тұрақтылығын нығайту, мәдениетаралық диалогтың жетістіктерін көрсету, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау. Тиісінше, осы күні өткізілетін мерекелік іс-шаралар осы мақсаттарды іске асырудың көрнекі көрінісі ретінде қабылданады.
Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" атты мақаласында: "Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. "Ырыс алды – ынтымақ" екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді», деп жазады, - деп атап өтті жазушы.
Бұл жолдар халқымыздың бірлікке деген көзқарасын көрсетеді.
Ұлттық энциклопедиямызда БІРЛІК ұғымына "... қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды этикалық ұғым. Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтастықтың, үйлесімді келісімнің, ел болуға ұмтылудың басты белгісі болып табылады" деген түсініктеме беріледі.
Иә, қазақ халқы күнделікті өмірдегі бірліктің рөлі мен маңызын әрдайым жоғары бағалаған. Бала жастан бастап халық ауыз әдебиеті арқылы балалардың бойында бірлік сезімі егілді. Және біз "Бірлік болмай, тірлік болмас", "Бірлік түбі – береке", "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген мақал-мәтелдер арқылы өмір бойы бірлік тәрбиесін алып келеміз. Бірліктің Ата заңымызда, еліміздің заңдарында, соның ішінде "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" заңда (4-баптың 2-тармақшасы) бекітілуінен де оның құндылығын түсінуге болады.
Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні - әр түрлі этностар өкілдері арасындағы достықты және ел ішіндегі татулықты нығайтуға бағытталған мерекелердің бірі. Және ол - кезекші іс-шаралар өткізілетін күн емес. Мереке негізінде Республикада тұратын түрлі этностардың өкілдеріне өз мүмкіндіктерін толық көлемде іске асыруға мүмкіндік беретін нақты іргетас қаланған, - деген ойын айтты жазушы Камал Әлпейісова.
Оған мысал - Қазақстанда түрлі ұлттардың балалары өз ана тілін үйренуге, өз халқының мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндігі бар ұлттық мектептер. Бұл - ұлттық театрлар, этникалық бағыттағы ән мен би ансамбльдері. Тіпті ұлттық тағамдарды жаңғыртатын дәмханалар мен мейрамханалар санының өсуін де мысал ретінде келтіруге болады.
Бір қызығы, қазір бізде халықтардың бірлігі мен өзара байланысы ерекше, қазақстандық түрге ие болған. Барлық салаларда мынадай қызықты үрдісті байқауға болады: кавказ билерін үйрететін үйірмелерге қазақтар да, орыстар да, татарлар да қуана барады. Кәріс ұлтының өкілі В.Тен қазақ тілі курстарын өткізеді, қазақ С.Оспанов жас наубайшыларға өзбектің тандыр нанын пісіруді үйретеді, ал орыс А. Канцев қазақ ұлттық тағамдарын жаңғыртумен айналысады. Және мұндай мысалдар өте көп, - дейді жазушы.
Сондықтан да Елбасының мақаласы шыққаннан кейін елімізде #BizBirgemiz деген челлендж басталып, қазақстандықтар қалыптасқан жағдайларға байланысты көмекке мұқтаж адамдарға бірлесе көмек көрсете бастады. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл челленджді қолдай отырып, COVID-19 вирусына байланысты еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде барлық өңірлерде #бізүйдеміз #мыдома, #BizBirgemiz акцияларын ұйымдастырып қайырымдылық көмек көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым өз сөздерінде, халықпен кездесулерде қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңыздылығын атап көрсетеді. Ол сайлаудан кейін іле-шала болған Арыс оқиғасы кезінде бұрын-соңды болмаған ел-жұртты қолдау шараларын жасау арқылы халқының ризашылығы мен сеніміне бірден ие болған еді. Бұл жолы да солай болды. Елде төтенше жағдай енгізілгеннен кейін Мемлекет басшысы барлық әлеуметтік топтарға көмек көрсету туралы саяси шешімдер қабылдады. Көрсетілетін көмектің кімдерге арналғаны, ақпараттың ашық болуы және алу жолы оңайлатылғаны үшін халық дән риза.
Мемлекеттің осындай қамқорлығы халыққа күш береді, мемлекет пен халықтың біртұтас екеніне, зұлымдықты бірлесе жеңетінімізге деген сенімдерін нығайтады. Ассамблеясы Мемлекет басшысының Үндеуіне қолдау көрсетіп, бүкіл республика бойынша халықтың аз қамтылған топтарына, медицина қызметкерлеріне, ортақ қауіпсіздігіміз үшін өз денсаулығы мен өмірлерне қауіп төндіре отырып, қызмет етіп жүргендерді қолдау мақсатында акциялар ұйымдастырды.
Қай кездегідей, отбасы үшін, ел үшін қиын күндері әйелдер алғы шепке шықты. Мысалы, карантиннің алғашқы күндері, маскалардың жетіспеуі анықталғанда, Алматы облысы Алакөл ауданы Аналар кеңесінің мүшелері барлық әйелдерге масканы үйде тігу туралы үндеу жариялады. Бұл бастаманы барлық өңірлердегі аналар кеңестері қолдады. Кейбіреулері өздері тігіп, кейбіреулері Достық үйлерінде маскалар тігу желісін ұйымдастырды. Тігілген маскалар полиция қызметкерлеріне, дезинфекция жасап жүрген әскери қызметшілерге, тұрмысы төмен адамдарға таратылды. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының Достық үйлерінде тігіліп, таратылған маскалар саны мыңдап саналады, - дейді Камал Әлпейісова.
Аналар кеңестерінде карантин кезінде уақытты ұтымды өткізу жолдары ойластырылды. Ақтөбе облыстық аналар кеңесінің мүшесі Лаура Бердібекова ұлттық дәстүрлерді сақтау тақырыбында онлайн сабақтар өткізсе, Алматы облысы аудандарының аналар кеңесі ұлттық құндылықтар туралы онлайн кездесулер ұйымдастыруда. Түркістан облысы Аналар кеңесінің мүшелері ыстық тамақ дайындап, қалаға кіреберіс постта вахтада тұрған әскерилер мен полицейлерді тамақтандырады.
Қарағандыда "Қазақстан татарлары мен башқұрттары конгресі" облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шамиль Осин тұрмысы төмен адамдарға азық-түлік пен көкөністер жеткізсе, Солтүстік Қазақстан облысының ҚХА белсенділері этномәдени бірлестіктердің онлайн-концертін ұйымдастырды. Өнерпаздардың концерті облыстық Ассамблеяның ресми парақшаларында және әлеуметтік желілерде онлайн режимінде көрсетілді.
Мұның бәрі де – қазақстандықтардың "Бірлік түбі береке" екенін жүректерімен сезінуінің, сөйтіп, сынақ күндері бірігуінің мысалдары.
Сөз соңында мерекелердің түр-түрі бар екенін айтқым келеді, олар: ұлттық, діни, кәсіби, балаларға арналған деп кете береді. Ал бірлік мерекесі – бүкіл адамзатқа арналған мереке. Тіпті, діни ұстанымға сай қарайтын болсақ та, онда діни кітаптардың ешқайсысында да алауыздықтың дәріптелмейтінін көреміз. Қасиетті Құранда мағынасы "... Мен сіздерді біртұтас отбасы етіп жараттым. Және сіздердің татулық пен өзара келісімде өмір сүрулеріңізді қалаймын" (орыс тілінен аудармасын өзім жасадым)" деген сүре бар. Қарап отырсақ, Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің идеясы сонымен үндеседі.
Бұл мереке идеясы қоғамымызда одан әрі орнығуы үшін, оның шынайы – рухани, мәдени және адамгершілік мәні ел азаматтарының санасына сіңіп, шын мәнінде жалпыхалықтық болуы үшін, біздің барлығымыз, ұлтымызға және діни сенімімізге қарамастан, бірлікті көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оны күн сайын өз істерімізбен нығайтуымыз қажет, - деп қорытындылады сөзін жазушы Камал Әлпейісова.