Бірлігімізді бекемдеп, берекемізді бағалай білейік – Дархан Қыдырәлі
Ресейден келіп жатқан азаматтар легі толастар емес. Көрші елдегі ахуалға алаңдаушылық білдірген ағайынның көңілін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бір демеп қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қадірлі достар!
Дүние дүрбелеңге түскен күрмеуі қиын күрделі кезеңде біздің шекарамыздан ағылған халықтың легі кім-кімді болмасын бейжай қалдырмағаны анық.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев киелі Түркістан шаһарында бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, осындай алмағайып тұста бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет екенін атап өтті. Расында, біз ең алдымен қалыпты халықтық қалпымыздан айнымай, адамгершілік, сабырлық, ұстамдылық танытуымыз керек. Қандай жағдай болмасын, елдің тыныштығы, халықтың амандығы маңызды. Бұл ретте келген азаматтардың жартысынан көбі қайта кетіп жатқанын да назардан шығармайық.
Министр шынайы ақпарат таратуда журналистер қауымына артылар жауапкершілік жүгінің салмақты екенін баса айтты.
Әсіресе, қалам мен сөзге серт берген әріптестеріміз – журналистер қауымы ақпарат таратуда кәсібилік көрсетіп, жалған мәліметтің жетегінде кетпейді деп сенемін. Себебі, мұндай толқымалы кезеңде әр ақпараттың мәні, маңызы өте зор. Оның үстіне қазір еліміздегі бірқатар ақпарат құралдарына кибер шабуылдар жасалып жатқанынан хабардар болып отырмыз.
Осы орайда жұртшылықты тек ресми деректерге сенуге шақырамын. Біз салалық министрлік ретінде тиісті ақпарат беруге даярмыз.
Президент айтқандай, ел мүддесі мен еңселі егемендігімізден жоғары ештеңе жоқ. Береке мен бірлік – қазақ үшін домбыраның қос ішегіндей қастер тұтар егіз ұғым. Сондықтан бірлігімізді бекемдеп, берекемізді бағалай білейік!