«Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуы салтанатты түрде ашылды

Салтанатты рәсім Ақтау қаласының теңіз жағалауында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Қазақстан Қарулы күштерінің қолбасшылығы, жаттығуға қатысушы елдер делегацияларының басшылары, Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Жағалауға жиналғандар Қазақстан мен Әзербайжан әскери кемелерінің теңіздегі сапын бақылай алды. Кеме палубаларында экипаждардың жеке құрамы салтанатты сап түзеді.

Ал амфитеатр алаңында жаттығуға қатысушы бес ел Қарулы күштерінің өзге де бөлімшелері тапсырманы орындауға дайын екендіктерін көрсетті. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның гимндері кезекпен орындалып, мемлекеттік тулары көтерілді.

Қорғаныс министрлігі басшылығының атынан қатысушыларды Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуының басталуымен құттықтады.

Ол біздің елдерімізді бір-біріне деген сеніміге негізделген тығыз әрі достық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

Орталық Азия өңірінің төрт елі мен Әзербайжан Республикасы қарулы күштерінің әскери контингенттерін тарта отырып, мұндай оқу-жаттығу өткізу форматы алғаш рет қолданылып отыр. Бұл біздің мемлекеттеріміздің тату көршілік қатынастарды одан әрі кеңейтуге және нығайтуға, оның ішінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету деген ұмтылысын айғақтайды, – деп атап өтті министрдің бірінші орынбасары.

Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов оқу-жаттығу әскерлердің әскери басқару органдарының үйлесімділік деңгейін арттыратынын және заңсыз қарулы құралымдарды жоюға арналған оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде қарулы күресті жүргізу тәсілдерін сынақтан өткізуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

Сіздерге оқу-жаттығуда табысқа жету үшін барынша тиімді өзара іс-қимыл тілеймін. Осындай іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ортақ күш-жігерде пайдалы болатын құнды тәжірибе мен білім ала аласыздар, – деп түйіндеді ол өз сөзін.

Іс-шара оқу-жаттығуға қатысушы елдер әскери қызметшілерінің салтанатты шеруімен және Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігі
Өзгелердің жаңалығы