Бірқатар министрлік үлкен сомадағы қаржыны игере алмай отыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, республикалық бюджет бойынша 5,9 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Оның 49 млрд теңгесі атқарылмады, оның ішінде 11 млрд теңге үнемделген. 38 млрд теңге игерілмеген.
Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер, Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері төлем құжаттарын ұзақ келісу, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстар актілерінің, шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ келісу, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы, - деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,2%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ға атқарылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары.
Министр сонымен қатар бюджет қаржысын игермеген қалалар мен облыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 2,8 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 34 млрд теңге атқарылмаған. Биыл өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 маусымға 646 млрд теңге бөлінген. Оның 97,5%-ы игерілген.
16 млрд теңге атқарылмаған, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемделіп, 14 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеген қаржы Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында қалыптасты, - деді ол.