Бірінші сыныпқа дайындық: Баланы мектепке қалай бейімдейміз?
Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналардың уайымы күшейе түседі. Әсіресе биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер мен олардың ата-анасы үшін бұл кезең ерекше толқумен өтетіні анық. Баланың қолына кішкентай сөмке ұстатып, жаңа ортаға шығару – ата-ана үшін қуаныш қана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. “Өркен” балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының аға оқытушысы, практик-психолог Әйгерім Дәулет баланы мектепке қалай дайындау керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірінші сыныпқа қадам басқан бала үшін мектеп – жаңа орта, жаңа достар, жаңа ережелер. Бұл жерде ол тек оқуды ғана емес, өзін ұстауды, жауапкершілікті, өз ойын жеткізуді үйренеді. Психологтардың айтуынша, бейімделу кезеңінде балаға ата-ананың қолдауы ауадай қажет.
Мектепке дайындық — тек әріптер мен сандарды үйрену емес. Ең бастысы – психологиялық және әлеуметтік бейімделу. Бала өзін-өзі күте алуы, басқа балалармен тіл табысуы және қиын жағдайда көмек сұрай білуі керек. Егер ата-ана тек оқу үлгеріміне мән беріп, осы дағдыларды елемесе, баланың бейімделу кезеңі күрделірек өтеді, – дейді психолог Әйгерім Дәулет.
Қандай дағдылар қажет?
Мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаға ең алдымен қарапайым күнделікті тұрмыстық қабілеттерді меңгеру маңызды:
- Өздігінен киімін кию, портфелін жинау.
- Қол жуу, ас ішкенде мәдениетті отыру.
- Қатарластарымен амандасу, көмек сұрау, кезекте тұру.
- 15–20 минут тыныш отыру және назарын ұстай алу.
- Жеңілісті қабылдап, ренішті ашық айту.
Бұл дағдылар оқу процесін жеңілдетіп қана қоймай, баланың өзін сенімді сезінуіне көмектеседі.
Ата-ананың қолдауы – басты шарт
Баланың мектепке бейімделуі ең алдымен ата-ананың көзқарасына байланысты. Егер үйде:
- “Қиын болады”, “Мұғалімнен қорық” деген сияқты сөздер айтылса, балада үрей пайда болады.
- Керісінше, “Сенің қолыңнан келеді”, “Біз сенімен біргеміз” деген сенімділік берілсе, мектеп бала үшін қуанышты ортаға айналады.
Мамандар ата-аналарға баланы мектепке дайындағанда “жақсы баға алу” емес, “жаңа тәжірибе алу” ұстанымын басшылыққа алуға кеңес береді.
Мектеп туралы қалай айту керек?
Психологтар ата-аналарға баламен сөйлескенде мынадай тәсілдерді қолдануға кеңес береді:
- “Сен бәрін білуге тиіссің” демей, “Бәрін біртіндеп үйренесің” деп қолдау білдіру.
- “Жылама, бұл ақымақтық” деудің орнына “Сенің ренжігеніңді түсініп тұрмын” деп эмоциясын мойындау.
- “Мектеп қиын болады” емес, “Мектеп қызықты болады, жаңа достар табасың” деп айту.
Мұғаліммен қарым-қатынас та маңызды
Ата-ана мен мұғалім арасындағы сенім мен сыйластық баланың бейімделуіне тікелей әсер етеді.
- Мұғалімге артық қысым жасамау.
- Қиындықтар болса, оны жасырмай айту.
- Баланың көзінше педагогті сынамау.
- Қажет кезде мұғалімге сенім арту.
Бұл тәсіл мұғалімнің жұмысына қолдау көрсетіп қана қоймай, балаға да “мектеп – сенімді орта” екенін көрсетеді.
Психолог кеңесі: бейімдеуді қалай жеңілдетуге болады?
- Баланы мектепке алдын ала апарып, сынып пен дәліздерді көрсетіңіз.
- Үйде “мектеп ойынын” ойнап, портфельді бірге жинаңыз.
- Алғашқы күндері баланы қолдап, сабақтан соң асығыс сұрақ қоймай, әңгімесін жай ғана тыңдаңыз.
- Баланың жетістігін бағалаңыз, кішкентай табыстары үшін мақтап отырыңыз.
Бірінші сынып – баланың ғана емес, бүкіл отбасының жаңа өмірге қадамы. Бұл кезеңді жеңіл әрі қуанышты ету – ата-ананың қолында.
Қарапайым қолдау, жылы сөз, сенім мен сүйіспеншілік – баланың мектепке бейімделуіндегі ең маңызды құрал.