Бірінші курс курсанттары «танктің астына жату» жаттығуын орындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Құрлық әскерлері әскери институты оқу-жаттығу орталығының базасында бірінші курс курсанттары жалпы әскери даярлықтан өтуде, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Болашақ офицерлер үшін бұл беріктік пен өзін-өзі ұстай білуді тексеру түрі. «Танк астына жату» психологиялық беріктігін қалыптастырып, сонымен қатар кез-келген жағдайда жауынгерлік тапсырманы орындау мүмкіндігін қалыптастырады. Бұл өз өмірін әскери қызметпен байланыстыруға шешім қабылдағандар үшін маңызды қасиет.

Бір ай бойы болашақ офицерлер әскери істің қыр-сырын меңгерді: әскери жарғыларды, инженерлік және алғашқы медициналық даярлық негіздерін зерделеді, автоматтан атуды үйренді, толық жабдықта қарумен жаяу марш жасады, жалпы әскери пәндер бойынша бақылау кешенді сабақтарын оқыды. Жалпы әскери даярлық курстары әрі қарай оқуға бейімдеп, тәртіпке, дене даярлығы мен саптық ептіліктің қалыптасуына әсер етеді.

Осыдан кейін курсанттар ант қабылдап, Құрлық әскерлері әскери институтында оқуды бастайды. 

Құрлық әскерлерінің әскери институты – қазақстандық үш әскери жоғары оқу орнының бірі, онда Қарулы Күштердің кадр офицерлерін даярлайды. Биыл институтқа Қазақстанның әр өңірінен жалпы саны 300-ге жуық жасөспірім оқуға түсті. Оқуға қабылдау кезеңдік конкурстық іріктеу жолымен жүргізілді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы