Бәріміз бір шаңырақ астында еңбек етеміз – ҚХА мүшесі

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Көпұлтты қазақ елінің біртұтастығы мен бірлігінің сақталуына, мемлекетімізде бейбітшіліктің орнауында Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. ҚХА-ның XXVII сессиясы еліміздегі осы татулық пен келісімді одан әрі жаңғыртуға баспалдақ болмақ. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жезқазған кен байыту фабрикасының директоры Мұрат Бөрібаевтың пікірі осындай.

«1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің үлгісін қалыптастырды. Бұл Ассамблея аясында барлық этнос өкілдері ортақ мақсатқа бірікті, ел дамуына иық тіресе үлес қосты. Республикамызда Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дінін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдай жасалған. Мен 2019 жылы Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшесі болдым. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Татулық пен келісім формуласы. Әлеуметтік бірлік және жаңғыру» Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына делегат болып қатысайын деп отырмын», - деді «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС, Жезқазған кен байыту фабрикаларының директоры Мұрат Бөрібаев.

Оның айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясында 128, ал Жезқазған кен байыту фабрикасында 34 өзге ұлт өкілдері жұмыс атқарады. Олардың барлығы бір шаңырақтың астындағы бауырлардай күні-түні талмай еңбек етеді.

«Біздің кәсіпорында жұмыс істейтін еңбеккерлердің алдарына қойылған мақсат – өндірістік көрсеткіштер жобасына сай еңбек қауіпсіздігін бұзбай жұмыс жасау. Сондықтан да еңбеккерлер ешқашанда ұлтқа, ұлысқа бөлінбейді. Біз қазақтың қара шаңырағын көтеріп тұрған уық іспеттіміз. Кәсіпорындағы барлық этнос өкілдері бейбітшілік бесігінде тербеліп, тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің іргетасының берік, түтінінің түзу болуына қызмет етуді басты міндетіміз деп санаймын», - деді Мұрат Ерболатұлы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы