Бірі көмек жасаса, кейбірі кінәліні іздеп, әркімді даттауда – Сәдуақасова табиғи апат туралы
Өнер жұлдызы, әнші Мәдина Сәдуақасова қазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әнші Instagram-дағы парақшасында жазба қалдырып, мұндай алапат топан су елімізде бұрын-соңды болмағанын атап өтті. Сәдуақасова халықтың жартысы ел үшін деп шырылдап көмек жасап жатса, кейбірі кінәліні іздеп, әркімді даттап жатқанын айтты.
Құрметті Қазақ елі! Әлеуметтік желіні ашсақ, бүкіл БАҚ өкілдерімен қатар барша жанның бәрінің жарыса жазып жатқаны - СУ ТАСҚЫНЫ. Бірі ел үшін деп шырылдап көмек жасап жатса, кейбірі кінәліні іздеп, әркімді даттауда. Апат айтып келмейді, мұндай алапат топан су елімізде бұрын-соңды болмаған. Ойламаған жерден Арқалықтан басталған апат, Батысқа да жетті. Көктеміміз қардың күрт еруімен қатар, Жайығымыз да тасуда, - деп жазды ол.
Сәдуақасованың айтуынша, абырой болғанда адам шығыны болмай, құтқарушы қызметкерлер оқиға орнынан тез табылып, тұрғындар уақтылы эвакуацияланып жатыр. Ол табиғи апаттан зардап шеккен халықтың шығынын мемлекет толық өтеп беретінін айтты.
Аллаға шүкір! Адам шығыны болмай, құтқарушы қызметкерлер оқиға орнынан тез табылып, тұрғындар уақытылы эвакуацияланды. Қайырымдылық қорлар, жекеменшік кәсіпкерлер, қаншама өнер адамдары, танымал жомарт жандар миллиондап ақша аударып, тонналап гуманитарлық көмектер жасауда. Осындай сәтте күшіміз БІРЛІКТЕ! "Жаңбырдан соң КҮН шығады" дегендей бұл күндер де артта қалып, бәрінің дұрысына қарай шешілеріне сенеміз. Су тасқынынан зардап шеккен әрбір жанға мемлекет шығынын толық өтеп береді, сәл сабыр етсек, бәрі де жақсы болады. Аман болайық, - деп түйіндеді Мәдина Сәдуақасова.