«Birgemiz: Bilim» жобасына волонтерлерді қабылдау басталды
Халықтың әртүрлі топтарының цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылығын арттыру курстарын өткізу бойынша волонтерлік көмек көрсету қолға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасын бастады.
Қазақстанда «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы жалғасуда. Ол халықтың әр түрлі топтарының, соның ішінде ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың, цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылық деңгейін еріктілерді тарту және бейресми тәсілдерді қолдану арқылы арттыруға бағытталған. Жоба аясында іріктелген 2 мың адам волонтерлік қызмет бойынша курстардан өткеннен кейін тілдік, қаржылық, компьютерлік, құқықтық сауаттылықты арттыру және халықтың өмірлік дағдыларын жетілдіру бағытында шеберлік сағаттары мен тренингтерді өткізетін болады.
Бүгінгі таңда өзіміздің қатарымызға волонтерлерді шақырып жатырмыз. Жобаға 14 жасқа толған қазақстандықтар қатыса алады. Сондай-ақ, олардың сомасы 300 000 теңгені құрайтын шағын грантты алу мүмкіндігі де бар. Бұл оларға өз бастамаларын жүзеге асыруға көмектеседі.
Жыл соңында ең белсенді еріктілерді Астанада өтетін үлкен форумда марапаттаймыз, - деді жоба менеджері Аида Аманжолова.
Жалпыұлттық жобаға қатысу үшін азаматтар Instagram-дағы келесі парақшаларға өтінім қалдыруы қажет: @birgemiz.bilim2023, @jasulan_qz.
Айта кетейік, халықтың әртүрлі топтарын цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылығын волонтерлік көмек көрсету арқылы арттыру жөніндегі «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі іске асыруда. Жоба 2024 жылдың соңында аяқталады.