#Birge #TazaQazaqstan экоакцисы аясында 16 тоннадан астам қоқыс жиналды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Үкімет бастаған #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясын қалада өткізу бастамасын қолдады. Республикалық экоакцияны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев да қолдады.
«Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасы бойынша бүкіл елде ашылған экочеллендж қозғалысын қолдаймын. Елімізді тазалық аумағына айналдырамыз. Бірге-Таза Қазақстан! Волонтерлер жарайсыңдар!»,- деп жазды Қ. Тоқаев өзінің Twitter парақшасында.
Әкімдіктің экологиялық акциясына 5 мыңнан астам адам қатысты, олардың ішінде жастар, еріктілер және қоғам қайраткерлері бар. Іс-шараға Үкімет мүшелері де қосылды. Акция 4 жерде өтті: Майбалық көлінің жағасында, Қарасу, Есіл өзендерінде және Вячеслав су қоймасы аумағында. Жалпы акция барысында 16 тоннадан астам қоқыс жиналды.
«Бүгінгі демалыс күніне қарамастан, көптеген ниет білдірушілер экоакцияны өткізуге қолдау көрсетіп, аумақты қоқыстан тазартуға көмектесті. Бастамаға бей-жай қарамағандарыңыз үшін барлықтарыңызға рахмет. Бізге табиғатты қорғау керек. Біз таза ауада демалғанды ұнатамыз, сондықтан, қоршаған ортаны әрқашан таза ұстауға міндеттіміз. Тазалықты өзімізден бастауымыз керек», - деді А. Көлгінов.
Әкімдік осындай экологиялық шараларды тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отыр.