«Бірге – Таза Қазақстан» аясында Қояндыда 10 тонна қоқыс шығарылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қоянды су қоймасын тазарту бойынша «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті.
Экологиялық акцияға ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, әділет министрі Марат Бекетаев, индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Скляр, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев,Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, мәжіліс депутаты Зағипа Балиевалар қатысты.
Жалпы науқан аясында 1,2 мыңнан астам адам Қоянды суқоймасын 10 тонна қоқыс шығарды.
Экологиялық акция қатысушыларына сөзін арнаған ҚР Үкіметінің басшысы барлық өңірлердің әкімдерін, экологиялық белсенділерді, жастар ұйымдары мен еріктілерді осы бастаманы қолдауға шақырды.
«Мен бұл акцияның кеңінен таралатынына, жалпыреспубликалық шараға айналатынына және азаматтар арасында қолдауға ие болатынына сенемін. «Бірге – Таза Қазақстан» акциясы еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», — деді Асқар Мамин.
Акция қатысушылары су қоймасы жағалауы аумағын қоқыстан тазартып, қоқыс жинайтын арнайы бактар қойды. Сары контейнерлерге өңдеуге болатын қалдықтар жиналса, жасыл жәшіктерге өңделмейтін қоқыстар салынды.
«Енді өзге өңірлерге де осы бастаманы жолдаймыз. Кім рекордты жаңартуға дайын? - деп мәлімдедi экология, геология және табиғи ресурстар министрi Мағзұм Мырзағалиев.
Айта кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа бастама көтеріп, елорда маңындағы демалыс орындарын бірге тазалауға шақырған болатын.