Біреудің қайғысын контентке айналдырмаңыз – маман
Бүгінде қоғамда бала мәселесіне қатысты түрлі ақпараттар көрініс тауып отыр. Оның ішінде ерте жүкті болу, жасөспірімдер арасындағы төбелес, отбасындағы жанжал немесе бір оқыс-оқиғалар. Сондай сәтте ересектер қалай әрекет етуді білмей жатады. Маман пікірінше, журналистер көмектесемін деп көп қателік жасап жатқанын байқамайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтты.
Бала – ақпарат көзі емес, қорғауды қажет ететін тұлға. Расымен, қазір біз ақпарат айдынында оқыс оқиғаларда балалардың түрін бүркеп ақпарат берсек те, оның салдары кейін бала психологиясына әсер етуі мүмкін екендігін айтады.
Ересектер балалар қиыншылыққа тап болғанда осы сәтін бейнежазбаға түсіріп, көптің назарын аударып, хайп қуып әлек болып жатады. Бұл - жанашырлық емес. Бұл - баланың жан дүниесіне салынған жараны қайта қанатып, екінші мәрте сыздату. Мұндай жазбалар ақпарат кеңістігінде ұзақ сақталып, баланың жанын күндердің бір күні қайта жаралайтыны сөзсіз, - дейді ол.
Сондай-ақ, бұл мәселеде журналистер мен блогерлерді, қоғам белсенділерін бала өмірімен ойнаудан аулақ болуға шақырады.
Мен бұл мәселеге журналистердің, блогерлердің және қоғам белсенділерінің назарын аударғым келеді. Баланың бейнесін жариялап, аты-жөнін көпшілікке таратудан аулақ болыңыздар. Бөгденің қайғысын контентке айналдыруға болмайды, - дейді ол.
Бұл тұрғыда заң не дейді?
"Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" заң әрбір баланың ар-намысына, денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғалуына кепілдік береді.
"Масс-медиа туралы" заңның 14-бабы, 5-тармағына сәйкес, құқыққа қайшы әрекеттердің салдарынан зардап шеккен кәмелетке толмаған баланың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін кез келген деректі жариялауға тыйым салынады.
"Жеке деректер және оларды қорғау туралы" заң бойынша, баланың аты-жөні, тұрғылықты жері, оқитын мектебі секілді жеке деректерін заңды өкілінің келісімінсіз таратуға болмайды.
Азаматтық кодекс адамның бейнесін (фото, видео) оның келісімінсіз пайдалануға жол бермейді.
Қылмыстық кодекс жеке өмірге қолсұғушылық үшін жауапкершілік қарастырады — айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі шаралар бар.
Әрине, ақпарат таратуда жылдамдық маңызды. Әсіресе, бала тағдырына қатысты жағдайларда журналистер мен блогерлердің абай болуы - кәсіби және адами парыз.