28 Қыркүйек 2026, 12:20 Фото: kzchessfederation

Бірде-бір ойында жеңілмеді: Президент шахматшы қыздарды жоғары жетістігімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отандастарымыз әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберіп, үлкен нәтиже көрсетті.

Президент құттықтауында даңқты шахматшы Бибісара Асаубаева бастап барған Қазақстан құрамасы беделді турнирдің бірде-бір ойынында жеңілмегенін атап өтті. Мұны шахмат сарапшылары үлкен жетістік ретінде бағалап отыр, - деді ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев біздің шахмат шеберлері өткен олимпиададағы табысты жолын жалғастырғанына назар аударды.

Қазақстан командасы сол кезде де екінші орынға табан тіреген еді. Бұл спортшыларымыздың деңгейі биік, талантты, еңбекқор екенін, сондай-ақ отаншылдықты нақты іспен дәлелдей алатынын көрсетеді. Мемлекет басшысы шахматшы аруларымызға толайым табыс, зор денсаулық және бақ-береке тіледі, - деп жазды ол. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды.