Бірде-бір әкімнің қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын көрген жоқпыз – Базарбек
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мәжілістің жалпы отырысында жер мәселесіндегі сыбайлас жемқорлықты айтып, Антикор өкіліне сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әрбір қабылдаған шешім үшін әкімдер не үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды? Бұл өте өзекті мәселе. Біз мысалы жер, құрылыс саласында "Жер аманаты" республикалық комиссиясының жұмысы нәтижесінде жер ресурсын басқару департаменттері қаншама тексеріс ашып жатыр. Қаншама заңсыз берілген жерлерді, заңсыз құрылыстарды анықтап жатырмыз. Оның нәтижесі бойынша сотқа шағым беріп жатырмыз. Бір жыл бойы соттастық. Жерді алған кәсіпкер адвокаттарды жалдайды, соттасады, ақырғы соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша бұл жер заңсыз берілген анықталады. Ол жер әрине мемлекеттік меншікке қайтарылады. Бірақ сол шешімдерді қабылдаған бірде-бір әкімнің қылмыстық жауапкершікке тартылғанын көрген жоқпыз, - дейді ол.
Бақытжан Базарбек әңгіме Алматы, Шымкент, Астана, Орал, Атырау қалаларының бұрынғы әкімдері және басқа да қалаларының басшыларына қатысты екенін айтты.
Осыған орай жұмыс тобының мүшесі ретінде бұл норманы көрген жоқпын. Сіздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің төрағасының орынбасары ретінде позицияңыз қандай? Бұл норманы қазір енгіземіз бе, енгізбейміз бе? Әкімдер жауапкершіліктен сытылып шыға ма? – деді Мәжіліс депутаты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәселе өте өзекті екенін атап өтті.
Жер мәселесі өте өзекті мәселе. Бұл мәселемен сіз де, біз де айналысамыз. Біз біріншіден дәлелден бастауымыз керек. Әкім болсын, басқасы болсын, әр адамға дәлел қажет. Өткен жылдары Алматыдағы тау жақтағы жерлерді қараған кезде заңбұзушылықтар шыққан. Біз артынан әкімшілікке де, орталық органдарға да ұсыныстар бердік. 60-тай құрылыс объектілері заңсыз салынған болатын. Қазір ғана оның 10-ы бұзылған. Басқалары бойынша мәселелер соттың қарауында. Қазіргі кезде Алматының бас архитекторы, жер мәселесін қарайтын басқарманың басшысы және бірнеше мамандар бойынша қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Сондықтан да әр адамға дәлел болуы қажет, - деп түсіндірді Сарқұлов Мәжілісте.
Еске сала кетейік, Қазақстанда пара беруге уәде ету, пара беруді ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылғанын және Айдос Сарымның жемқорлықты қалай тоқтатуға болатыны туралы айтқанын осыған дейін жаздық.