6 Қараша 2026, 10:06 Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бір жылдан бері жұмыс істей алмаған: Түркістан облысында 2,8 млрд теңгелік мақта зауыты іске қосылмақ

Жылына 50 мың тонна мақта өңдеуге қауқарлы кәсіпорынның жұмысы ұзақ уақыт бойы бір мәселеге байланысты тежелген. Енді жағдай өзгерді.

Түркістан облысының Жетісай ауданында құны 2,8 млрд теңге болатын мақта өңдеу зауытының іске қосылуына кедергі болған мәселе шешілді. Кәсіпорын толық қуатта жұмыс істегенде жылына 50 мың тонна мақта талшығын терең өңдеп, 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, «Бірлік-Е» ЖШС-нің өндірістік нысаны 2025 жылдан бері техникалық сумен қамтамасыз етілмеген. Соның салдарынан зауытты толық қуатта іске қосу мүмкін болмаған.

Мәселені шешу үшін Жетісай ауданының прокуратурасы инвесторларды сүйемелдеу жұмыстары аясында тиісті шаралар қабылдаған. Қадағалау органының үйлестіруімен аудан прокуратурасы, инвестор және мердігер арасында үшжақты меморандум жасалды, - деп хабарлады облыстық прокуратура.

Нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қажеттілігін қамтамасыз ету үшін арнайы ұңғымалар қазылып, нысан бір ай ішінде техникалық сумен толық қамтылды.

Осылайша, зауыттың өндірістік қызметін толық көлемде жүзеге асыруына мүмкіндік туды. Жобаның іске асуы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

Сонымен қатар прокуратура жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігіне байланысты прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде екі лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Айта кетейік, инвесторлардың құқықтарын қорғау және кәсіпкерлік бастамаларға кедергі келтіретін мәселелерді шешу прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі саналады.